Accessibility links

«Гиффеннің ісіне Қазақстан лоббистері емес, АҚШ-тың Барлау басқармасы ықпал етті»


Foreign Policy журналының редакторы, журналист Стив Левин
Foreign Policy журналының редакторы, журналист Стив Левин

Гиффенге қатысты сот барысын "америкалық путинизм" деп атаған Foreign Policy журналының редакторы, ұзақ уақыт Орталық Азия елдерінде тұрған белгілі вашингтондық журналист Стив Левиннің Азаттық радиосының Қазақ қызметіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.


ҺӘМ "ҚАЗАҚСТАН КОРОЛІ" ҺӘМ ЦРУ-ДІҢ АГЕНТІ

- Левин мырза, сіз Джеймс Гиффеннің Қазақ президентінің «кеңесшісі» ретіндегі шарықтауы мен құлдырауын бастан-аяқ бақылап келген аз ғана батыс журналистерінің бірісіз. «Мұнай мен даңқ: империяның көз сұғы мен Каспий теңізінің бағы» атты кітабыңызда Гиффен мырзаға тұтас бір тарау арнап, оны «Қазақстанның королі» деп атадыңыз. Осы атау арқылы нені меңзедіңіз?

- Бұныңыз жақсы сұрақ екен. Менің ол жерде айтқым келгені – сол уақытта Қазақстандағы кез-келген мұнай келісім-шартына қол жеткізу Гиффен арқылы жүзеге асты. Ол Қазақстан президентіне өте жақын адам болды. Ал Қазақстан сол кезде мұнай компаниялары үшін ірі кеніштер табылып жатқан бірден-бір мемлекет еді. Мұнай кеніштеріне жету үшін және жоғары лауазымды қазақ шенеуніктермен сөйлесу үшін Гиффеннен басқа жол жоқ-тын.

- Сол кітабыңызда бұрынғы АҚШ Орталық барлау басқармасының агентіне сілтеме жасайсыз. Агент: «Гиффен Қазақстанның ресейлік «жер-әуе» зымырандарын Иран мен Солтүстік Кореяға сатпақ болған әрекетін тоқтатуға көмектесті» дейді. Кейін сотта Гиффен осындай Барлау басқармасымен ынтымақтаса жұмыс істегенін көлденең тартып, айыбын жеңілдетіп алды. Сіз бұл әрекет Барлау басқармасының тапсырмасымен Гиффеннің жоғары лауазымды қазақ шенеуніктеріне ықпал етпек болған бір ғана эпизод деп ойлайсыз ба?

- Гиффеннің Орталық Барлау басқармасымен әрдайым қандай да бір байланысы болды. Гиффеннің сотта айтқан ресми мәлімдемелері мен оның нақты карьерасының арасында көп айырмашылық бар. Гиффеннің Совет Одағымен [басталып, пост-советтік кезеңде жалғасқан] қарым-қатынасы 35 жылға созылып жатыр. Оның әуелгі 25 жылына келсек, ол кезде Совет Одағымен байланысы бар кез-келген америкалық Орталық Барлау басқармасымен қарым-қатынаста болатын. АҚШ пен СССР-дің ұзақ уақыт бойы бірін-бірі саяси жау тұтып келгенін білесіз. Америкалық арнайы қызмет орындары америкалықтарға Совет Одағымен байланыс орнатуға рұқсат берді. Бірақ, олар АҚШ-қа қайтып келген соң арнайы қызметтерге мәлімет жеткізуге тиіс болды. Кіммен кездескенін, не туралы сөйлескенін түгел жариялап отыруы қажет еді.

Гиффеннің Орталық Барлау басқармасымен әрдайым қандай да бір байланысы болды.


Сол себепті Гиффен де Орталық барлау басқармасымен жұмыс істедім десе, оны волонтерлік қызмет немесе басқа да бір бөлекше ынтымақтастық деп түсінуге болмайды. Ол кез-келген америкалық іскер Совет Одағына шығып бизнеспен шұғылдану үшін не істесе, дәл солай әрекет етуге мәжбүр болды. Ал Совет Одағы құлағасын Қазақстанға барған кезінде де ол сол жұмысын (яғни АҚШ-тың барлау басқармасымен қарым-қатынасын) ары қарай жалғастырды.

Осы тақырыпты түйіндейтін болсақ, Гиффен әлгі қару-жарақты Солтүстік Кореяға сатуды тоқтатуға көмектескен кезде бұл оның АҚШ-тың патриоты ретінде жасаған әрекеті емес еді. Бұл Гиффеннің Қазақстан президентіне қаншалықты ықпал ете алатынын көрсету үшін жасаған амалы болатын. Дәл сол кезде басқа бір адам Гиффенді жоғары билік ортасынан сыртқа тебу қамын жасап жатқан. Сондықтан да Гиффен өзінің әлі де күші сарқылмағанын көрсету үшін, әлі де маңызды адам екенін дәлелдеу үшін жаңағы қару-жарақты сату ісін тоқтату мәселесін шешуге араласты.

"БОТАНЫҢ" АҚШАСЫН БҰҰ ҚАДАҒАЛАЙДЫ

- Левин мырза, кейбір қазақстандық сарапшылар Гиффеннің тек салықтан жалтаруға қатысты кінәсін мойындап, жеңіл жазамен құтылып отырғанын Астананың сот ісіне әсер ету үшін жасаған іс-шараларының нәтижесі деп бағалайды. Әсіресе, Батыс Қазақстанда жұмыс істеп жатқан америкалық мұнай компанияларына қысым жасау әсер етті дейді. Ал қайсыбір оппозиция мүшелері Қазақстан үкіметінің «PR кеңесшісі» Александр Мирчев пен оның лоббистік компанияларының да бұл іске қатысты рөл атқарғанын айтады. Бұған қалай қарайсыз?

- Әлбетте, қазақтардың қыруар қаржы жұмсағанына күмән жоқ. Бұл сот ісі 10 жылға созылды. Қазақстан үкіметі қисапсыз ақша төледі. Александр Мирчев пен оның Global Options атты компаниясы мұның тек соңғы көрінісі. Ұзақ уақыт бойы Қазақстан үкіметі Вашингтондағы беделді әрі ықпалды заң фирмалары мен лоббистерге істі жапқызу үшін көп ақша төлеп келді. Тіпті іс жабылмағанның өзінде Назарбаевтың Джеймс Гиффенмен қатар жазаланбауы үшін барын салды. Бірақ, біраз уақыт бойы айыптар алынбаған күйі тұрды. Бұл жағдай 10 жылға созылды.

Ұзақ уақыт бойы Қазақстан үкіметі Вашингтондағы беделді әрі ықпалды заң фирмалары мен лоббистерге істі жапқызу үшін көп ақша төлеп келді.


Менің ойымша лоббилік әрекет ықпал еткен күннің өзінде, оның әсері өте аз болды. [Гиффеннің сотына ықпал еткен] негізгі мәселе Орталық барлау басқармасы нені қалайды, нені қаламайды соғын байланысты болды. Қыркүйектің 11-і болған терактілерден кейінгі жағдайда Орталық барлау басқармасы АҚШ-тағы одан сайын ықпалды, одан сайын күшті құрылымға айналды. Барлау басқармасы қылмыстық жазалау жүйесімен ақпарат бөліскісі келмейтін дәрежеге жетті, сот ісін алға жылжыту үшін тергеуге қажетті құжаттарды бермейтін болды. Сол себепті ақыр-аяғы [дәлелдер бар құжаттар ашылмаған соң Гиффенге қатысты] айыптар түгелге жуық түсіп қалды.

- Өзіңіз де жақсы білесіз 2007 жылы АҚШ, Швейцария мен Қазақстан үкіметтері жасырын банк-шоттарында тұтылып қалған 84 миллион АҚШ долларын қайырымдылық шараларына жұмсау туралы келісімге келді. 2009 жылы құрылған «Бота» қоры тіпті гранттар бөле бастады. Ал қазір негізгі айыптардан құтылғасын Гиффен мен оның «Меркейтор» фирмасының бұл 84 миллионға ешқандай қатысы жоқ болып шықты. Сіздің пікіріңізше бұл ақшаның ендігі тағдыры не болмақ?

Бұл ақша сол келісімге сәйкес балалар үшін қайырымдылық шараларына жұмсалады деп ойлаймын. Ақша Швейцарияда тұтылған сәттен бастап Қазақстан бұл қаржыны қайтарып алу үшін барлық амал жасап көрді. Бірақ, ақша сол күйі жатты. Қаржыны қайтарып алу мемлекеттің абыройын сақтап қалумен тең сияқты көрінді. Ақшаның қайтарылмайтыны анық еді. Сондықтан да келісім жасалды. Келісім бойынша қаржы тек қайырымдылық шараларына жұмсау үшін кері қайтады. Бірақ, [Қазақстан үкіметінің] нақ қайырымдылыққа жұмсайтынына күмән туғандықтан ақша БҰҰ-на өтті. Қаржының енді соңына дейін сақталатын орны сол болмақшы.

- Сұхбатыңыз үшін рақмет.

- Сізге де көп рақмет.

XS
SM
MD
LG