Accessibility links

Қайран да менің ен далам...


Пойызға мініп, Керекуге жол тарттық осы жазда. Пойыздың терезесінен телміріп тұрып сары даланың сұлулығын көзбен көріп, ішпен сездім.

Мен тауда туып, сағымданған сары далада өскен бала едім. Бірақ даланың сұлулығын сезбеппін. Түйгенім – тау көзіңнің алдын көлегейлеп тұрады екен.

Ал далада шексіздік бар. Шексіздік тұнған сұлулық. Арқаның даласын көргенде пойыздан секіріп түсіп, жүгіре жөнелгің келеді. Дала күнін жатаған төбенің басында тұрып шығарып салып, дала таңын қойшының жазғы тамының төбесінен қарсы алу – ол да бір теңдессіз сұлулық.

Қайран да қазақтың даласы! Қадіріңе жете алмай жүрміз-ау...

Пойыз ішіне қарағың келмейді. Қасымдағы қазақ келіншекке:

– Ақсуға бара жатырмын, – десем:

– Ондай жерді білмеймін, – деп бас шайқайды.

– Бұрынғы Ермак қой, – десем:

– Е, Ермак демейсіз бе бірден, – дейді.

Кілең қазақ. Орысша газет оқып, сөзжұмбақ шешіп жатыр. Қарсы алдымдағы қазақ кемпір:

– Немереме «орыс қыз аласың ба?» десем, «алмаймын» деп бұлданады. Қанына тартып отыр ғой, – деп үзілген үміті жалғанғандай мәз.

Қазақтың үш жігіті кеше кештен бері бір тауықтың санына таласып әуре. Қызып алған.

Ертістің өзі емес, жағасын жапқан тоғайы ғана көрінетін жаққа көз салсам, өңшең қаңырап қалған ауыл. Әр жерден бір спутник табақшасы көзге шалынады. Тірі пенде қалмаған сияқты. Үйлерден жел гулеп тұрғандай.

Ал дала... жайқалып тұр жарықтық.

Семейден әрі кеткенде Май ауданының жері басталады. Сұрықсыз ауыл сол ауданға қарайды. Аудан кезінде мал баққан. Кейін бәрі жекешеленген кезде талауға түскен малдан тігерге тұяқ қалмады. Ел қала сағалап кеткен. Ауылда азын-аулақ малға бас-көз болып жетім шал мен жесір кемпір отыр.

Ал дала... құлпырып, түлеп жатыр.

Қайтқанда Аягөзден күн еңкейе өттім. Еңкейген күн дала тауының желкесіне құлап барады. Тау етегіндегі жазықпен жалғыз атты кетіп барады. Тау саласына қойындата салынған жалғыз үй тұр. Ақты-қаралы ұсақ мал қораға бет түзеп, шашырай жайылып жүр. Пойыз зымырап барады...

«Қарашада қара үй тұр...»

Айтпақшы, теміржолға жапсарлас жатқан бір таудың бетінен «Қазақстан – 2030» деген, ақ таспен жазылған жазуды көрдім. Не күлерімді, не жыларымды білмедім...

Қайран да менің ен далам...

abdihalyh.imanjusyp.omirjan@gmail.com
XS
SM
MD
LG