Қазанның 5-і күні ҚазТАГ агенттігіне мәлімет берген ақпарат көзі «Сарыбай Сұлтанұлы аумақты инсульт алды. Оған енді ұзақ уақыт емделу қажет» деп хабарлаған. Ақпарат берушіге президент ісін басқарушының дәл қай күні мұндай халге душар болғаны белгісіз. «Бәлкім, демалыс күндері болар» деп қосып қойды ол. Ақпарат көзі Қалмырзаевтың дәл қай клиникада жатқанын да айтып бере алмады.
Кейінірек тағы бір ақпарат көзі ҚазТАГ агенттігіне Қалмырзаевтың Германияға емделуге кеткенін мәлімдеген.
Ал Сарыбай Қалмырзаевтың көмекшісі Болат Сұлтанбаев өзімен тілдескен ҚазТАГ тілшісіне бұл мәліметті жоққа шығарды.
«Қалмырзаев аман-сау. Қазір Қазақстанда. Шет елде емес. Жұмысқа шықпай қалғаны рас» деп жауап берген көмекшісі.
Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы сөйлескен президент ісі басқарушысының хатшысы Сарыбай Қалмырзаевтың қазанның 4-і, дүйсенбі күннен бастап сырқатына байланысты демалыста екенін айтты. Хатшы өз бастығының я Қазақстанда, я шетелде екенін білмейтінін хабарлады.
61 жастағы Сарыбай Қалмырзаев Мәскеудің экономика-статистикалық институтын бітірген. Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы министрлігі мен мемлекеттік мүлік комитетінде, кейіннен Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын саяси серігі ретінде президент әкімшілігінің жетекшісі, Жамбыл облысының әкімі және қаржы полициясының төрағасы сияқты жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Сарыбай Қалмырзаев 2008 жылғы желтоқсан айынан бері Қазақстан Республикасы президентінің іс басқарушысы ретінде жұмыс істеп келеді.