Түрмедегі отырған азаматтардың ата-аналары мен туыстары қазанның 3-і күні Астанаға республиканың бірнеше өңірінен (Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан) келіп, қамаудағы жақындарының аяусыз соққыға жығылып жатқанын айтып, ақпарат құралдарына шағымданды.
Жиынға қатысқан ата-аналар (шамамен 15-20 адам) жақындары жазасын өтеп жатқан колонияларға ішкі әскер кіргізіліп, сотталушыларға қатты қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Олар мұны жақында болған өзгеріспен, яғни қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ішкі істер министрлігі қарамағанына берілуімен байланыстырды.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ТҮРМЕСІНДЕГІ ОҚИҒА
Шығыс Қазақстан облысынан келген Любовь Антропова осы облыстағы 156/6 түрмесінде отырған күйеуі Роман Аргуновтың соққыға жығылғаны туралы суық хабарды қыркүйектің 26-сы күні естіген екен.
– Біз қыркүйектің 27-сі күні таңғы 8-де түрмеге жеттік. Ол жақта шамамен 50-дей адам жиналып қалған екен. Сағат 9-да ол жаққа ішкі әскер енгізілді. Олардың артынан колония бастығы да кірді. Шамамен сағат 11-лерде түрменің ішінен көмек сұраған сотталушылардың айғайлаған жан дауыстары шығып жатты. Іште тұрған әйелдер көздеріне жас алып, шыдамай шығып кетті, – дейді Любовь Антропова қазанның 3-і күні Астанада өткен жиында.
Оның айтуынша, түрме сыртында тұрған шарасыз ата-аналар колония бастығының сыртқа шығуын тосқан.
– Біз мекеме бастығының шығуын кешке дейін күттік. Ол шыққаннан кейін де бізге ешнәрсені де түсіндірген жоқ. «Жақындарымызды көрсетіңдер» деген талабымызға да құлақ аспай, тіпті заң бойынша тиесілі кездесуге де рұқсат берген жоқ. Бұрылды да кетіп қалды, – дейді Любовь Антропова.
Оның айтуынша, облыстық прокуратураға барып жүріп, жақындарымен кездесуге мүмкіндік алған кейбір ата-аналар көк ала қойдай болып таяқ жеген балаларын көрген кезде естерінен талып қала жаздапты.
Осы колонияда отырған Владимирдің анасы Надежда Гончарованың айтуынша, колония әкімшілігі тұтқындарды ұрып-соғып, олардың сырт
киімдерін, заттарын тартып алған.
– Қыркүйектің 27-сі күні түрмеден жүк тиелінген көлік шықты. «Бұл не?» деп сұрасақ, «тыйым салынған заттар» деп жауап берді. «Қай жаққа апарасыздар?» деп едім, «қоймаға апарамыз, мұның бәрі тізімге алынады, реттелінеді» деді. Бұл заттардың қалай реттелінетінін көрсетуді талап еттік, өйткені киім-кешектің бәрі жыртылып, жарамсыз күйге түсіпті, – дейді Надежда Гончарова.
Ата-аналардың айтуынша, күн суытқан кезде тұтқындардың жылы киімдерін, аяқ киімдерін тартып алған. Олар жақындарының енді түрмеден сау шығатынына күдік келтірді.
– Енді не істейміз? Олар жаза мерзімін алған адамдар, сол жазасын өтеп жатыр. Бірақ ешкімге оларды қорлап-мазақтайтын құқық берілген жоқ, – дейді Надежда Гончарова.
БАЛҚАШ ТҮРМЕСІНДЕГІ ЖАСАҚ
Әсем Құлмағанбетова деген шағымданушы Балқаш колониясында да дәл осындай оқиға болғанын, «тінту шарасын» өз көзімен көргенін айтады.
Ол қыркүйектің 26-сы күні күйеуімен қысқа мерзімді кездесуге келгенде колония маңында гимн айтып тұрған ішкі әскер жасақтарын көрген.
– Колонияның ішіне мүлде кіргізбейді. Бірақ мен әйтеуір өттім. Әкімшілік ғимаратқа кірген кезде 100-150 шақты адамды көрдім. Олар бір-бір ит ұстап тұр, беттерін тұмшалап, каска киіп алған, қолдарында дубинка. Мекемедегілерден сұрасам, «бұл тінту шарасы, алаңдамаңыз» деп жауап берді. «Тінту шарасы болса, дубинканың не қажеті бар?» десем, олар мені итеріп, «қазір үніңді өшірмесең, онда мүлде жауып тастаймыз» деп шүйілді, – деді Әсем Құлмағамбетова дүйсенбі күнгі жиыннан кейін Азаттық тілшісімен сұхбатта.
ЖҰМБАҚ ӨЛІМ
Өткен аптада Балқаш колониясында тұтқын, 1973 жылы туған Арман Қапаровтың өлгені турасында мәлімет тараған еді.
Бұл ақпаратты растаған республикалық қылмыстық атқару жүйесі
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин қайтыс болған тұтқын Арман Қапаровтың денесіндегі көгерген дақты түсірген видеоны көрсетіп отыр. Астана, 3 қазан 2011 жыл.
комитетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов сотталушының дарға асылып өлгенін, бұл оқиғаның «жоспарлы тінту шараларына еш қатысы жоғын» баса айтқан.
Дүйсенбі күні Астанада болған жиында құқық қорғаушы Вадим Курамшин ақпарат құралдарына Арман туралы бейнетаспа көрсетті.
Алғашқы бейнетаспада Арманның өзі сөйлеп, колонияда сотталушылардың еш негізсіз соққыға жығылып жатқанын айтады.
Құқық қорғаушының айтуынша, бұл бейнетаспа сотталушының өлер алдында түсірілген. Оның пікірінше, екінші таспа арқылы оның өзін-өзі өлтірмегенін дәлелдеуге болады.
Дүйсенбі күнгі жиында Арман Қапаровтың туыстары болған жоқ.
«ШУ ШЫҒАРУ»
Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Самал Ғадылбекова мұның бәріне «жоспарлы тінту шараларына» қарсылық танытқан сотталушыларды кінәлайды.
– Тыйым салынған заттардан тазарту шаралары барлық колонияларда жүріп жатыр. Мұны біз ешкімнен жасырып, жабық түрде жасап жатқан
Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Самал Ғадылбекова. Астана, 27 тамыз 2011 жыл.
жоқпыз. Бәрі біледі. Бірақ сотталушылардың арасында осыған қарсылық бар. Бұл – солардың ұйымдастырып отырған наразылығы. Әрине, өздерінің күштері жетпегеннен кейін қоғамды да қосқысы келеді. Шу шығару үшін сондай шараларға барып жатыр. Ал жалпы жазаларын өтеп отырған сотталғандардың көбісі – жолдан тайып, бас бостандықтарынан айрылып отырғанымен, бәрібір жазаларын өтеп, үйлеріне қайтқысы келіп отырған адамдар, – деді Самал Ғадылбекова.
Ал шағымданушы ата-аналар бір айдың ішінде жиналып, бас прокуратураға ортақ арыз түсіреміз дегенді айтады. Олар бейбіт түрде митинг өткізу үшін билік орындарына өтініш жазбақ. «Рұқсат бермесе, бәрібір акцияға шығамыз. Өз-өзімізді өртейміз, өзімізге қол жұмсаймыз» дейді ата-аналар.