«ДІНИ НАНЫМ ҮШІН ЖАЗАЛАНЫП ОТЫРМЫН»
Ақтөбе облыстық сотының судьясы Ағызбек Төлегенов діни нанымы үшін қызметтен шеттетілгенін айтады. «…Мен жалпы сенімім үшін, діни наным үшін жазаланып отырмын», – деген судья бұл айыпты мойындамай, бастықтарына қарсы сотқа шағым түсірді.
Бірден атап өтейік, ол жұмыстан шығарылмаған. Судьяларды ресми жұмыстан шығарып, тағайындайтын - тек Қазақстан президенті ғана.
Бірақ Төлегенов судья ретінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Қыркүйектің аяғында оны қызметтік тергеуден соң жұмысынан шеттетті. Құжаттарда судья Ағызбек Төлегеновтың діни экстремистермен тыйым салынған байланыс орнатқаны айтылады, ҰҚК-дан келген құжатқа сілтемелер жасалады. Сөз арасында «Жамағат ат-Таблиғ» ұйымының аты аталады. («Таблиғ-и жамағаты» ұйымын меңзеген болар).
Ағызбек Төлегенов, өзінің айтуынша, он жылдан астам уақыт бұрын дін жолына түскен. Алматылық «Шапағат Нұр» діни журналының жылдық тігіндісін біраз оқыған соң, 2000 жылы намазға қалай жығылғанын есіне алды.
– Онан соң намазсыз жүре алмайтындай әрі онсыз бұл өмірдің мәні жоқтай сезімге бөлендім, – дейді Ағызбек Төлегенов Азаттық радиосына берген сұқбатында.
Қызметтен шеттетілген судья енді қорған іздеп жүр: сотқа беріп, кейбір қоғамдық ұйымдарға өтініш жасады. Ағызбек Төлегенов «Әділет»
Онан соң намазсыз жүре алмайтындай әрі онсыз бұл өмірдің мәні жоқтай сезімге бөлендім.
партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаевқа және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі республикалық коалиция мүшелеріне жолдаған хатының мәтінін Азаттық радиосы редакциясына да ұсынды.
«2011 жылы 15 қыркүйекте облыстық сот төрағасы еңбек тәртібін және судьялық әдеп нормаларын өрескел бұзғаны үшін тәртіптік іс қозғау туралы алқаға ұсыныс жасады. 20 қыркүйекте алқа аталмыш ұсыныс бойынша маған қатысты тәртіптік іс қозғады және 27 қыркүйекте ұсыныста көрсетілген дәл сол бұрынғы негіздерге сәйкес судья қызметінен босату туралы шешім қабылдады» деп жазады Ағызбек Төлегенов.
Судьяның пікірінше, Ақтөбе облыстық соты басшылығы мен судьялық алқаның әрекеттері Қазақстан Конституциясының 18-бабына қарсы келеді. Аталмыш бап бойынша «әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар».
«ЭКСТРЕМИСТІК АҒЫММЕН БАЙЛАНЫСЫ ҮШІН ШЕТТЕТІЛДІ»
Адам құқықтары мен бостандықтары жөніндегі республикалық коалиция хатшылығының басшысы Мақсат Нұрыпбаев Ағызбек Төлегеновтың ісін мемлекеттік қызметшіге қатысты наным-сенім құқықтары мен бостандықтарына қысым жасалған Қазақстандағы алғашқы белгілі жағдай деп қарастырады.
«Әділет» партиясы және 24 үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірген коалиция хатшылығының басшысы – Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжановтың хатынан кейін – Ағызбек Төлегеновтың қызметтен шеттетілгенін мәлімдеді. Ол хатта судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін шешуді сұраған болатын.
Ағызбек Төлегенов туралы «елімізге жат діни көзқарастары бар азаматтарға құқықтық және материалды көмек көрсету тұрғысынан экстремистік ағымдағы діни ұйымдармен тығыз байланыс жасайды» деп жазады алқа мүшелері. Сонымен бірге шешімде айтылғандай, 2011 жылдың 1 қаңтарынан 1 қыркүйекке дейін судья Ағызбек Төлегеновтың 25 рет кешіккені байқалған және қызмет орнында жалпы 2 сағат және 44 минут жоқ болған.
Ақтөбе облыстық сотының тәртіптік-квалификациялық алқасының төрағасы Руслан Жанысбаев Азаттық радиосына Ағызбек Төлегенов ісінің қаралғанын растады. «Заңмен белгіленген жөн-жосық бар, сөйтіп келіспеген жағдайда, оның республикалық тәртіптік-квалификациялық алқа отырған Жоғарғы сотқа шағым арыз беру жөні де бар», – дейді Руслан Жанысбаев.
Сөйте отыра ол шеттетілген судьяның діни экстремистермен байланыс жасағаны туралы болжамды және бөтен діни көзқарастары бар азаматтарға заңгерлік әрі материалды көмек көрсеткенін растаудан бас тартты, өйткені журналист оған Ағызбек Төлегеновтің хатының орысша мәтінін оқып берді.
«Мәтін (комиссия шешімінің мәтіні – Азаттық радиосы) қазақша жазылған, кімнің қалай аударғанын – мен қайдан білейін? Қазақша керек пе – мақұл!» – деді де, телефон тұтқасын қоя салды Ақтөбе облыстық сотының тәртіптік-квалификациялық коллегия төрағасы.
СУДЬЯНЫҢ ТАЛАБЫ
Судья Ағызбек Төлегенов 3 қазан күні «мәліметтерді жарамсыз деп тану және олардың жалған екенін мәлімдеу міндеттерін жүктеу туралы» шағым арызын сотта тіркеді. Дәл қай сотта екенін айтпай, бұл жайтты жария етуді кейінге қалдырып отыр. Ағызбек Төлегенов жауапкер деп, өзінің айтуына қарағанда, Ақтөбе облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментін көрсеткен. Арыздың журналистке ұсынған көшірмесінде Төлегенов былай деп жазады: «Облыстық сотқа ҰҚК департаменті ұсынған материалдармен танысуыма мүмкіндік берілмегендіктен, мен бұл мәліметтердің жарамдылығына көз жеткізбедім, сол себепті де заңмен белгіленген тәртіпке сай қорғана алмаймын».
Ағызбек Төлегенов сотқа берген шағымында аталмыш мәліметтердің жалған екенін мәлімдеуді Қазақстанның арнайы қызметінен талап етеді. Өйткені, деп жазады ол, облыстық сот төрағасы өзінің ұсынысында «ешқандай дәлелдермен расталмағанына қарамастан, ҰҚК департаменті ұсынған мәліметтерге» сілтеме жасайды, оның үстіне оның «аталмыш ұйымдарға әлдебір көмек көрсеткенін және олармен байланысын» дәлелдейтін құжаттар жоқ.
«Менің экстремистік ағымдағы діни ұйымдармен тығыз байланысымды және мемлекетімізге кереғар көзқарасы бар азаматтарға материалды және құқықтық көмек көрсеткенімді дәлелдейтін ештеңе жоқ. Менің өз тарапымнан экстремистік діни ұйымдармен қандай да бір байланыс жасап, оларға материалды және құқықтық көмек көрсеткен бір де бір кезім болмаған. Екінші жағынан, бүгінгі күні Қазақстан Республикасының
Менің экстремистік ағымдағы діни ұйымдармен тығыз байланысымды және мемлекетімізге кереғар көзқарасы бар азаматтарға материалды және құқықтық көмек көрсеткенімді дәлелдейтін ештеңе жоқ.
Қылмыстық кодексінің 233-3 бабы бойынша маған қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Бұл бап экстремизмді қаржыландыруға байланысты қылмыстық жауапкершілікті қамтиды, сондықтан сот жоғарыда көрсетілген кең таралған мәліметтерді шындыққа жанаспайды деп тануға тиіс деп есептеймін. Өйткені мұның барлығы бірігіп келіп судьялар ұжымы, туған-туыстарым мен отбасымның мүшелері алдындағы менің абыройым мен ар-намысымды түсіреді», – деп жазады шағымында Ағызбек Төлегенов.
Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы әңгімесінде Төлегенов қарапайым мұсылман екенін, қазақстандық шенеуніктер Қазақстан үшін дәстүрлі ислам мектебі деп атайтын ханафи мазхабын ұстанатын айтты.
Ақтөбе облысы сотының құжаттарында судья «Жамағат-ат-Таблиғпен» байланыс жасаған деген болжамы айтылады. Бұл – исламдағы бір ұйым, олар бос уақыттарында исламды насихаттау үшін тұрғындарының басым көпшілігі мұсылман елді мекендерді аралап, уағыз айтады.
Ағызбек Төлегенов сақтана отырып, бұл ұйым жайлы өз білгендерін айтып берді: «Таблиғтерді экстремистерге қосуға болмайды, өйткені мысалы «Хизб ут-Тахрир» сияқты Қазақстанда тыйым салынған қозғалыстардың тізімінде олар жоқ. Мұхаммед пайғамбардан бастап қазіргі имамдарға дейін – барлығы да Аллаһқа шақырумен болған. Осы қозғалыстың негізінде де төрт ереже жатыр: саясат пен жергілікті дәстүрлерге араласпау, мазхабтардың айырмашылықтарын сөз қылмау және мешіттің істерінен аулақ болу».
Ақтөбе облысы бойынша ҰҚК департаментіне қарсы мәліметтерінің жарамсыздығын мойындау туралы сотқа берілген шағымнан бөлек, ол облыстық алқаның шешіміне байланысты Жоғарғы соттың жоғарғы алқасына шағым арыз беруге ынталы екенін айтады. Сөйте отыра Ағызбек Төлегенов ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарсы азаматтық іс біржақты болмайынша алқа шешімін орындауды тоқтата тұруды да талап етуде.
Ағызбек Төлегеновтың сот процестерінен шеттетілгеніне қарамастан, еңбекақысын ұдайы алып тұрады. Қазақстан президентінің жарлығы ғана судьяны жұмыстан шығаруға түпкілікті негіз болып санала алады.