Accessibility links

Мұнайшылар Назарбаевты көре алмады


Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдегі келіссөздер кезінде. Мәскеу, 19 желтоқсан 2011 желтоқсан
Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдегі келіссөздер кезінде. Мәскеу, 19 желтоқсан 2011 желтоқсан

Маңғыстау облысындағы жағдаймен танысу үшін осы аймаққа келген Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі мен "Қазмұнайгаз" басшылығын ауыстырып, Жаңаөзенге барды. Бірақ Қазақстан президенті қарапайым жұртпен кездескен жоқ.


Президент Назарбаев бүгін Ақтауға барып, Маңғыстау облысының жаңа әкімі етіп Бауыржан Мұхамеджановты тағайындады.

Ресми ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Назарбаев Маңғыстау облысының әкімімен бірге "Қазмұнайгаз" ұлттық мұнай-газ компаниясы мен "Қазмұнайгаз" Барлау-өндіру" мұнай өндіру компаниясына жаңа басшыларды - Ләззат Қиынов пен Алик Айдарбаевты тағайындаған.

Осы мұнай-газ компанияларына иелік ететін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы, Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевты да отставкаға жіберу туралы шешім қабылданғаны президенттің осы сапары барысында хабарланды.

НАЗАРБАЕВ: «КӨШЕРБАЕВТЫҢ КІНӘСІ ЖОҚ»

Президенттің келетіні жайлы хабар Ақтау қаласына демде тарады. Дүйсенбі күнге дейін демалыс деп жариялаған ереуілшілер тез арада бір-біріне хабарласып, қайтадан Ақтауға шұбырып жатты.

Алайда президенттің тек облыс белсенділерімен кездесіп, Маңғыстау облысының жаңа әкімі ретінде Бауыржан Мұхамеджановты таныстырып кеткені белгілі болды. Кейін бұл туралы журналистерге брифинг өткізген Маңғыстау облыс әкімі кеңесшісі Жанна Ойшыбаева хабарлады. Ол «облыстың бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаевтың жұмыстан өз өтінішімен кеткенін» айтты.

- Президент Қырымбек Көшербаевтың Маңғыстау облысына сіңірген еңбегін жоғары бағалады: «Ол облысты артта қалған аймақтан экономика саласындағы көшбасшы облысқа айналдырды. Жаңаөзендегі жағдайда Көшербаевтың кінәсі жоқ. Ол - ұлттық мұнай компаниясы бұрынғы басшыларының өз жұмысшыларымен ортақ тіл табысып жұмыс істей алмауынан» деп атап көрсетті, - деді Жанна Ойшыбаева.

Жанна Ойшыбаеваның айтуынша, «облыстың бұрынғы әкімін президент өзімен бірге Астанаға алып кетеді, Қырымбек Көшербаев мемлекет басшысының жанында жұмыс істейді».

Маңғыстау облысының әкімі қызметіне тағайындалған 51 жастағы Бауыржан Мұхамеджановтың негізгі мамандығы - заңгер. Бұған дейін ішкі істер министрі болған, одан бұрын президент әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған.

Бауыржан Мұхамеджановтың бұрынғы ішкі істер министрі болуы облыс жұртшылығы арасында екіұдай пікір тудырып отыр. Ереуілші мұнайшылардың ойынша, мұны «бақылауды күшейте түсу мақсатында жасап отыр».

«ӨЛГЕН БАЛАЛАРЫМЫЗ ҮШІН КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?»

Қазақстан президенті Ақтаудағы сапарынан соң Жаңаөзенге барған еді. Бірақ Жаңаөзендегі ереуілшілер президентпен кездесе алмағандарын айтты.

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мұнайшысы Күнсұлу Әйтішованың айтуына қарағанда, арнайы жасақ мұнайшыларды президенттің маңына жолатпаған.

- Тек бір шалдың «Біздің өлген балаларымыз үшін кім жауап береді?» деген сауалын ғана естідік. Оған Назарбаев: «Қирату мен өлімге мұнайшылардың қатысы жоқ екені белгілі болды. Ол - арандатушылар мен басбұзарлар ісі. Әлі тергеп, ақ-қарасы анықталатын болады» деп жауап берген, - дейді Күнсұлу Әйтішова.

Жаңаөзен мұнайшыларының президентпен кездесе алмағанын бұған дейін қала тұрғыны Гүлбаршын Күлжанова да хабарлаған еді.

- Біз үйден шықпай отырмыз. Халықты ол жаққа жолатпай жатыр, - деген Жаңаөзен тұрғыны.

«Президенттің Жаңаөзен қаласындағы «Жалын» кинотеатрында кездесу жасағанын естідік. Бірақ кіммен жүздескенінен хабарсызбыз» дейді мұнайшылар.

Желтоқсанның 22-сі күні кешке Шетпеде жүрген Азаттық тілшісіне хабарласқан мұнайшылар ертең қайтадан «Ынтымақ» алаңына жиналатындарын айтып отыр. Олар президентпен жүздесуден әлі де дәмелі.

АЛТЫ КҮН БҰРЫНҒЫ ОҚИҒА

Қазақстанның батысындағы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында желтоқсанның 16-сы күні бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға қарсы полиция қару қолданған еді. Қанды оқиға кезінде кем дегенде 15 адам қаза тапқан болатын.

Соңғы ресми мәліметтер бойынша Маңғыстау облысының Жаңаөзен және Шетпе қалаларында болған толқу кезінде жалпы саны 16 адам өліп, 108 адам жараланған. 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Жаңаөзенде тоғыз, Шетпеде сегіз полиция қызметкері жараланған.

Расталмаған бейресми мәліметтер бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандар саны бұдан көп болуы мүмкін. Маңғыстау облысының кейбір тұрғындары қанды оқиғадан кейін туыстарының із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлап жатыр.

Жаңаөзенде жарияланған төтенше жағдай 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG