Тізімді бастап тұрған Түркия мен Батыстың байланысы 1952 жылы НАТО-ға қабылданғаннан бері басталған. АҚШ-тың қорғаныс хатшысы Леон Панетта жуықта Түркияға барған сапарында бұл елді одақтас деп атап кетті. Батыс елдері көбіне Түркияны мұсылман елдерімен жалғап жатқан көпір ретінде таниды. Ирак, Египет және Ливия елдерінде болған демократиялық өзгерістер мен Сирия мен Ирандағы режимге қарсы Түркия Батысқа көп көмек көрсетті.
БАТЫСТЫҢ ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕГІ "ДОСТАРЫ"
IPI-дің айтуынша сөйте тұра сөз бостандығы қатты шектелген елдің бірі Түркия. Түркиядағы 94 ұлт пен жергілікті топтардан құралған журналистер платформасының ұйымы өткен айдың басында үкімет 64 журналисті қамауда ұстап отыр деді. Олардың 29-ы күрд журналистері. Олардың көпшілігін үкімет террорлық әрекеттер ұйымдастырған және сол бағытта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген деген айыппен түрмеге қамаған деп жазады IPI.
Тізімдегі Батыстың тағы бір «досы» - Әзірбайжан. Бұл ел 1991 жылдан бері НАТО-ның бейбітшілік бағдарламаларына белсене қатысқан. Сонымен қатар АҚШ-тың Косоводағы, Ауғанстандағы, Ирактағы соғыстары кезінде әуе жолдары мен әуежайларын беріп, коалиция ұшақтарының жанар-жағар май құйып алуына көп жәрдем көрсеткен. Әлемдік деңгейде терроршылармен күресте де Әзірбайжан барлық қажетті ақпаратты Батыспен бөлісіп, олардың қаржылық жолдарын жабуға ат салысқан. Күмәнді дегендерін тұтқындап, соттап жіберген деп жазады IPI.
Алайда сөйткен Әзірбайжан өз еліндегі сөз бостандығын шектеуде де қара жаяу емес. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев биыл Араб әлеміндегі өзгерістен cоң көшеге шыққан шерушілерді күшпен басып тастады. Көптеген журналистер таяққа жығылып, Иран үкіметін сынаған елдің атақты жазушысы Рафиқ Таги қараша айында кісі қолынан өлді. Бұл елде де журналистерді қорқытып, оларға қоқан-лоқы көрсету қалыпты нәрсе. Бұл елде керек болса, Батыстың атақты басылымдарына мақала жазатын ерікті тілшілерге де шабуыл жасала береді.
Сөз бостандығын шектесе де, Батысқа ұнаған тағы бір ел – Эфиопия. Бұл ел адам құқықтарының тапталуы жағынан алдыңғы орында тұрса да, АҚШ-тың терроризммен күресте таптырмайтын көмекшісі. «Әл-Қаидаға» қатысы бар содырларды ұстап, аулауда АҚШ бұл елдің көмегіне арқа сүйеп отырғанын жасырмайды. Қазірдің өзінде Шығыс Африкада «әл-Қаидамен» бірігіп, әрекет етіп жүрген «әл-Шабаб» әскери исламшыл топпен күресу үшін АҚШ-тың әскери ұшақтары оңтүстік Эфиопиядағы әуежайды пайдаланып жатыр.
Бірақ, Батыстың бұл «досы» да сөз бостандығын қатты шектеген. Үкіметке жақпайтын кез-келген ақпарат құралын тұншықтырып тастай алады. Радио сигналдарды өшіріп, вебсайттарды жауып, газет-журналдарды керек болса жоқ қылып жібереді. Шетелдерден ақпарат алу тіптен мүмкін емес. Үкімет мұның бәрін «қауіпті терактілердің алдын алу үшін» жасап жатырмыз деп түсіндіреді. Үкіметтің бұл әрекетін сынаған журналистерді, тіпті шетелдік журналистерді де ұзақ мерзімге қамай салу түк емес.
Сауд Арабиясы да IPI жариялаған «құрметті» тізімде тұр. Бұл елде әлем мұнайының 25 пайыз қоры сақталған. BBC-дің айтуынша бұл ел атом қаруын жасап жатыр екен-мыс деп айыпталатын Иранға қарсы теке-тіресте АҚШ-тың ең сенімді әскери одақтасы саналады. Араб әлеміндегі сөз бостандығы қатты қағажау көретін елдің бірі Сауд Арабиясы. Мұнда толқу, қарсылық туғызатын кез-келген ақпараттың алдын алу жақсы ұйымдастырылған. Биліктің назарына теріс келетін мақала жазғандарды жазалап, жергілікті болсын, шетелдік болсын ақпарат көздерін тез арада бітеп тастайды. Бұл елдегі еркін ойлайтын тілшілерді де тек қана қоқан-лоқымен қорқытып ұстайды.
Осы тізімнің ішінде жүрген Өзбекстан, Түркменстан, Ауғанстан, Пәкістандағы ақпараттық ахуал бір-біріне қатты ұқсас. Батыстың бұл «достары» түгелдей көнбегенді тізеге салатын тәсілді жақсы меңгерген деп жазады IPI. Аты аталған елдерде жазықсыз сотталып кеткен журналистер жетіп артылады делінген сараптама мақалада. Бірақ, осылардың ішінде Пәкістанды журналистер үшін Азиядағы ең қауіпті ел деп айрықша атаған. Бұл елде журналистердің өлімі жиі кездеседі және оны ресми органдар тергеп, тексеріп, қылмыскерді тауып әуре болмайды. Кісі өлтіргендер жазаланбай жүре береді.
ЕУРОПАДАҒЫ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖАУЫ
Ең қызығы IPI мамандары осы тізімге Еуропа елдерінен Венгрияны кіргізген. Венгрия СССР құлаған соң-ақ демократияны қуана қарсы алған елдің бірі еді дейді IPI. 2004 жылы бұл ел Еуропа Одағына мүшелікке қабылданды. НАТО-ға мүше болғандықтан Венгрия АҚШ-тың Косово, Ауғанстан, Иракта жүргізген әскери операцияларына жәрдем берді. Бұл ел сонымен қатар Еуропаның шекарасыз Шенген аймағының бір бөлігі және Экономикалық бірлестік пен даму ұйымының мүшесі.
Солай бола тұрса да, бұл елдегі сөз бостандығы да шектеле бастады дейді IPI сарапшылары. Венгрия Еуропаның қақ төрінде отырса да, биыл биліктегілер БАҚ-тың құқығын шектейтін заңдар қабылдап, қатал сынға ұшырады. Әсіресе, парламенттегі орынның үштен бір бөлігін алып отырған премьер министр Виктор Орбанның партиясы үкімет пен барлық билік тармақтарын тексеретін тетіктерді алып тастайтын жаңа конституцияны қолдап шыққанда жағдай шиленісе түскен. Желтоқсан айында Венгрияның конституциялық соты БАҚ-қа қатысты заңның біраз бөлігін заңсыз деп тапты. Бірнеше күннен соң елдегі жалғыз ұлттық оппозициялық радио станциясы жабылмай әупірімдеп аман қалды. Венгриядағы саяси ахуал әлі де шиеленіскен күйі қалып отыр.
ОНДЫҚҚА КІРГЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАЙЫ
Ондықтың ортасынан орын алған елдің бірі – Қазақстан. Мақалада Қазақстан мен АҚШ-тың ара қатынасы 11 қыркүйек оқиғасынан соң жақсара түскен деп жазады. Қазақстан үкіметі сол кезде АҚШ-қа қажетті әуе жолдарын босатып берген және АҚШ-тың Қазақстандағы барлық жекеменшік және мемлекеттік мекемелерін ерекше қорғауға алған. Қала берді АҚШ-тағы терактіге қатысы бар деген күмәнге ілінген адамдарды тұтқындап, олардың қаржылық операцияларын толықтай тоқтатып тастауға белсене араласқан ел деп сипаттайды IPI.
IPI Қазақстандағы сөз бостандығы туралы былайша баяндайды. Қазақстанда ресми түрде цензура жоқ. Дегенмен өткен наурыз айында Eurasia.net сайты «Республика» газетінің қысымға ұшырағаны туралы жазды. Бұл басылым 18 ай бойы газеттерін басып шығаратын баспа таппай сандалған. Онымен қоса бұл газетті «бүкіл елге және осы елдің тұңғыш президентіне қарсы ақпараттық терроризм жариялады» деп әбден күйе жағып қаралаған.
Бірақ «Республика» газеті бұл елде қысым көріп, қуғында жүрген жалғыз басылым емес дейді IPI мамандары. 2011 жылдың қыркүйек айында оппозициялық Стан-TV интернет порталының екі журналисін белгісіз біреулер айуандықпен соққыға жығып кеткен. Онымен де қоймай қылмыскерлер тілшілердің барлық құралдарын тонап, түсірген бейнематериалдарын өздерімен бірге ала кеткен. Зәбір көрген журналистер өздерінің жалақылары үшін жарты жылдан жанжалдасып жатқан мұнайшылардың пікірін жариялағандары үшін соққыға жығылғандарына әбден сенімді.
«Свобода слова» газетінің бұрынғы редакторы Гүлжан Ерғалиеваның басшылығымен жаңадан ашылған guljan.org вебсайтының журналисі Валерий Сурганов қараша айында 18 айға бас бостандығынан айрылып, айыппұл төледі.
16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасынан соң ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев төтенше жағдай жариялап, Жаңаөзен қаласында коменданттық сағат жариялады. Осының артынша-ақ қаладағы барлық байланыс түрлері түгел үзілді. Жаңаөзенге сырттан кіру де, іштен шығу да мүмкін болмай қалды. Жергілікті халық телефонмен де, интернтепен де тілдесе алмай, айналадан ақпарат ала алмай қиналған. Камераға түсіруге, дыбыс жазуға тыйым салынды. Қала берді қаза болған үйлерге көңіл айтып, жаназаға жиналуға да рұқсат етілмеген. Оқиға орнынан ақпарат таратпақ болған ресейлік журналистерді негізсіз тұтқындап, бірнеше сағат бойы қамауда ұстаған. Жаңаөзенде зәбір көргендерге қолдау көрсету үшін Алматыда жиналмақ болған қоғамдық ұйымдардың белсенділерін де тырп еткізбей бақылауда ұстап, кейбіреулерін қамап тастады деп баяндаған IPI сарапшылары.