Accessibility links

Оралмандар туралы шағым Лондонға жетті


Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі. 28 қазан 2009 жыл.
Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі. 28 қазан 2009 жыл.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Лондондағы Чатэм Хаус ұйымында арнайы сөз сөйлеп, Батыс жұртшылығына Жаңаөзен оқиғасының себебі мен елдегі сайлау алдындағы жағдай туралы ресми көзқарасты жеткізді. Кездесуге қатысқан Лондон университеті ғалымының айтуынша, Ертісбаев Жаңаөзендегі оқиғаға оралмандар санының көбеюі түрткі болды деп мәлімдеген.


Қаңтардың 12-і күні Лондондағы Чатэм Хаус деген атпен белгілі Корольдік халықаралық қатынастар институтында сөз сөйлеген Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев елдегі саяси-әлеуметтік ахуалға қатысты биліктің ресми ұстанымын жария етті.

BBC-дің («Би-Би-Си») орыс қызметінің жазуынша, бұл жолы Чатэм Хаус өз ережелеріне өзгеріс жасап, баяндамашының сөздерін баспасөзде жариялауға рұқсат еткен. Азаттық радиосы осы кездесуге қатысқан Лондон университетіне қарасты Шығыстану және африкатану мектебінің доценті Бавна Давемен қысқаша сұқбаттасқан еді. Бавна Давенің ойынша, Қазақстан үкіметі осылайша «ашық», «шынайы» және «сынға құлақ асқыш» бейне таныту арқылы Жаңаөзен оқиғасы мен парламент сайлауына қатысты ресми ұстанымын Батыста барынша насихаттауға тырысып отыр. Давенің айтуынша, Ермұхамет Ертісбаев сөзін Жаңаөзендегі оқиғадан бастаған.

"КӨШІ-ҚОНДАҒЫ ТЕҢСІЗДІК"

- Ертісбаев мырзаның сараптамасының бірінші сөйлемінде-ақ Жаңаөзендегі мәселелер қате көші-қон процесінің шарықтау шегі екендігі айтылды. Сосын ол Жаңаөзен халқының саны соңғы 15-20 жылда Өзбекстан мен Түркіменстаннан келген мигранттардың себебінен екі есеге жуық өсіп кеткеніне баса назар аударды. Ол атап айтпаса да, «мигранттар» деп оралмандарды меңзеп отырғаны әбден түсінікті еді, - дейді Бавна Даве.

Ғалым Қазақстан президентінің кеңесшісіне Алматы, Шымкент пен Астана сияқты Жаңаөзеннен басқа қалаларда да соңғы 20 жыл ішінде тұрғындар саны күрт өскен, бірақ бұл процесс қантөгіс пен жаппай бас көтеруге соқтырған жоқ қой деген тұрғыда сұрақ қойғанын айтады.
Бавна Даве, Лондон университетіне қарасты Шығыстану және африкатану мектебінің доценті. Астана, шілде, 2010 жыл
Бавна Даве, Лондон университетіне қарасты Шығыстану және африкатану мектебінің доценті. Астана, шілде, 2010 жыл

- Менің екінші сұрағым мынау болды, Ертісбаев мырзадан нақ оралмандарға қатысты саясатты сынап тұрсыз ба, онда Қазақстан үкіметінің болашақта оралмандарға қатысты саясаты өзгеріске ұшырауы мүмкін бе, әлде меңзеп тұрғаныңыз Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан жер жақындығына байланысты Жаңаөзенге жұмыс іздеп келіп жататын заңсыз еңбек мигранттары ма деп сұрадым...

Меніңше, Ертісбаев оралман мәселесі мен еңбек мигранттарын бір категорияға қосып жібергісі келді, ақыр аяғы сауалдарыма анық жауап бермеді. Негізгі жауабы – көші-қон саясатындағы кемшіліктер, қарама-қайшылық пен теңсіздік 16 желтоқсан күні Жаңаөзенде болған оқиғаларға себеп болды дегенге кеп сайды, - дейді Бавна Даве.

Лондондық ғалымның пікірінше, Қазақстан үкіметі Жаңаөзен оқиғасының себебін оңай түсіндіру үшін демографиялық көші-қон мен сол аймаққа тән өзге де мәселелерді сыртқа аударуға тырысып отыр.

"ОЛИГАРХТАР ДӘУЛЕТІН ӘЛЕУМЕТПЕН БӨЛІСУІ КЕРЕК"

Чатэм Хаустағы дәл осы кездесу туралы мақала жариялаған ұлыбританиялық BBC корпорациясының орыс қызметі Ермұхамет Ертісбаевтың Жаңаөзен оқиғасына қатысты «әлеуметтік теңсіздік» деген тіркесті бірнеше мәрте қолданғанын жазады. Ертісбаев Ұлттық қорда жиналған 70 миллиард АҚШ долларының енді өнеркәсіпті диверсификациялау мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға жұмсала бастайтынын айтқан. «20 жыл бойы жасалған реформалардан кейін айығатын кез келді, олигархтар қоғаммен бөлісу керек екенін түсінулері тиіс» деп мәлімдеген ол.
Тимур Құлыбаев, Қазэнерджи форумының жетекшісі премьер-министр Кәрім Мәсімовпен сөйлесіп отыр. Астана, 4 қазан 2011 жыл
Тимур Құлыбаев, Қазэнерджи форумының жетекшісі премьер-министр Кәрім Мәсімовпен сөйлесіп отыр. Астана, 4 қазан 2011 жыл

BBC-дің жазуынша, кездесудің жүргізушісі, Халықаралық қатынастар институтының өкілі Анет Бор Жаңаөзендегі оқиға Қазақстанның имиджіне орасан зор нұсан келтірді деген пікір айтқан. Егер Жаңаөзен оқиғасы болмаса, Ертісбаевтың парламенттік сайлау туралы айтқан сөздері ешкімге де қызықты болып көрінбес еді. Жиналған жұртшылық Қазақстан үкіметі Жаңаөзендегі тергеу-тексеру жұмыстарына халықаралық сарапшыларды қатыстыра ма деген сауалға жауап естігісі келді деп жазады BBC тілшісі.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігінің өкілі Жаңаөзендегі оқиғаны тексеруге халықаралық қауымдастық өкілдері қатыса ала ма деп сұрағанда, Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан үкіметі тексеру тобына БҰҰ-ның бірқатар мамандарын қосты деп жауап қайырған.

Чатэм Хаустағы кездесуде Ермұхамет Ертісбаев Жаңаөзендегі оқиғалар туралы Нұрсұлтан Назарбаевқа «бұрыс және шала ақпарат» берілген деген пікір айтқан. Сонымен қатар ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы болған Тимур Құлыбаевтың қызметінен кетуін айрықша атауға тұрарлық оқиға десе де, Құлыбаевтың әлі де Қазақстан президенттігіне кандидатурасын ұсынуға мүмкіндігі жетерлік деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG