Accessibility links

Талғат Мамашев «ұрғаным бар» деген сөзі үшін оралмандардан кешірім сұрады


Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев баспасөз маслихатында. Алматы, 27 қыркүйек 2011 жыл.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев баспасөз маслихатында. Алматы, 27 қыркүйек 2011 жыл.

Ал кейбір қоғамдық ұйым өкілдері сол сөзіне бола Талғат Мамашевты сотқа беретіндерін айтады.


Қыркүйектің 27-сі күні Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

Жиын «Этникалық қазақтар көші-қонының бүгінгі жағдайы: проблемалары мен келешегі» деп аталғанымен, журналистер Талғат Мамашевтан қыркүйек айының басында «оралмандарға қатысты айтқан сөзі туралы» сұрады.

«ҰРҒАНЫМ БАР!» НЕМЕСЕ «БІР-ЕКІ-ҮШ ШУЫЛДАҚ»

«Егер нақты ұсыныстарың болса, құдайға шүкір есігіміз ашық. Ал жөні жоқ ана жерге барып, мына жерге барып, телеарналарды айналып, журналистерді жағалап, біздің төңірегімізге су құйып жүрген ағайындар да бар. Біз оның бәрін білеміз. Мен әрі-беріден соң, қазақша айтқанда, ұрғаным бар. Турасын айтайын: әр нәрсенің орны бар. Сыйлап жүрміз бе – сыйластықпен жүріңдер адам сияқты. Ал жөні жоқ есіріп, құтырғанды қою керек» деген еді Талғат Мамашев 6 қыркүйек күні өткен «Этникалық көші-қон: құрылтай шешімдері және жаңа заң» атты дөңгелек үстелде.

Ол бүгінгі жиында бұл сөздің «нақты адамдарға» бағытталғанын айтып, «ұрғаным бар» деген тіркеске түсініктеме берді.

– ... Әркім қазақтың сөзін өз деңгейіне қарай түсінеді. «Ұрғаным бар» деген сөз «сендердің у-шуларыңды, арыздарыңды, жала-өтіріктеріңді құлаққа ілмеймін, сендерге дауа жоқ» деген мағынада айтылған. Шу көтеріп, өре түрегелетіндей ештеңе де жоқ. Бүкіл оралман ағайындарға емес, сол жиналыста отырған мына Ауыт деген ағайын, Рақым деген ағайын - соларға қаратып айттым, – деді Талғат Мамашев.

Ол «кейбір БАҚ өкілдерінің осы сөзді бүкіл республикаға шулатып, өзін қаралауға де үлкен үлес қосқанын» айтты.

– ...Негізі шулатып, менің атыма кір келтіріп, «бүкіл оралманды қорлады» деген әңгімеден алыс болу үшін, міне, бүгін пресс-конференция беріп, түсінбей қалған ағайындардан кешірім сұрап отырмын. Түсініңіздер, мен ондай сөзді айтқан жоқпын. Екінші, мен отставкаға кететіндей қылмыс жасаған жоқпын. Ал енді бір-екі-үш шуылдақтар осындай хат ұйымдастырыпты, арыз жазыпты деп жұмыстан елдің бәрі кете беретін болса, онда бізде істейтін адам қалмайды, – деді Талғат Мамашев.

АЙЫПҰЛЫНЫҢ «АЙЫБЫ»

Талғат Мамашевтің «ұрғаным бар» деген сөзді «мына Ауыт деген ағайын, Рақым деген ағайын - соларға қаратып айттым» дегеніне «Жебеу» қоғамдық ұйымының төрағасы Рақым Айыпұлы шамданып қалды. Сейсенбілік жиында сұрақ қою кезеңіне келген кезде
"Жебеу" қоғамдық қорының төрағасы Рақым Айыпұлы. Алматы, 27 қыркүйек 2011 жыл.

Рақым Айыпұлы:

– Сол жиналыста отырдым ғой. Бір ауыз айттым ба?! – деп Талғат Мамашевқа наразы болды.

Алайда баспасөз клубы әкімшілігі өкілі оған «жиынды дүниежүзі қазақтар қауымдастығының өткізіп жатқанын» ескертіп, әрі қарай сөзін жалғастыруға мүмкіндік берген жоқ.

Жиын ортасында сыртқа шыққан Рақым Айыпұлын ұлттық баспасөз клубының алдында тұрған, өзін «дәрігермін» деп таныстырған бейтаныс азамат «қазақ пен оралмандардың арасына іріткі салып жүрсің» деп дүрсе қоя берді. Бұл кезде шуға елеңдеген журналистер де жиналып қалған еді. Алайда «дәрігер» азамат жылыстап, көзден таса болды.

Ал «Жебеу» қоғамдық ұйымының төрағасы Рақым Айыпұлы Талғат Мамашевтің «жалтарып отырғанын» айтып, оны сотқа беретінін мәлімдеді.

– Жарайды, енді миллион оралманға қарағанда бір Рақымнан құтылу оңай шығар оған. Бірақ оңай құтылмайды. Мен сотқа берем. Себебі бұл жерде мені қорлайтындай, мені ауызға ұратындай, маған міндетсінетіндей, «тыныш жүр» деп бұйрық түсіретін кім ол? Ол ешкім де емес, – деді Рақым Айыпұлы
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG