Accessibility links

"Құдды мұнай жоқ сияқты өмір сүруді" үйрету


Оралман Аманбай Андабаев әлеуметтік құқықтарын талап етіп аштық жариялап жатыр. Ақтөбе, 5 тамыз 2011 жыл
Оралман Аманбай Андабаев әлеуметтік құқықтарын талап етіп аштық жариялап жатыр. Ақтөбе, 5 тамыз 2011 жыл

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.

І. ПРЕЗИДЕНТІНДЕ «БЕДЕЛ» ЖОҚ СЕНЕГАЛ

– Бірден айтайын, Қазақстанда Назарбаев культі жоқ. Қазақстан – Азиядағы ең еуропаланған ел. Культ жоқ, бірақ халық алдындағы Назарбаевтың беделі шынымен жоғары. Назарбаев бір жыл бұрын президент сайлауында қазақстандық сайлаушылардың 95 пайызынан көбінің дауысын алды. Қазақстандықтардың көбі тарихтың қазіргі кезеңінде басқа президентті қаламайды, – деді Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамед Ертісбаев осы аптада «Московский комсомолец» газетіне берген сұқбатында.

Рас, кеңесші бұдан кейін Назарбаевқа Алматыда ескерткіш қойылғанын «тұңғыш рет естіп отырғанын» айтып, «мүмкін, бұл жергілікті шенеуніктердің бастамасы шығар» деген еді – сондықтан оны сөз қылмай-ақ қояйық.

Оданша Африкадағы бір президентін екі мерзімнен артық сайламайтын жаман әдеті бар Сенегалды айтайықшы.
Абдуллай Вад Сенегалдың президенті кезінде Африка Одағы-Еуропа Одағы саммитіне қатысып отыр. Триполи, 29 қараша 2010 жыл
Абдуллай Вад Сенегалдың президенті кезінде Африка Одағы-Еуропа Одағы саммитіне қатысып отыр. Триполи, 29 қараша 2010 жыл

Бұл мемлекеттің халқы 2000 жылдың 1 сәуірінде президент болып сайланып, таққа екі рет мінген (әуелі амалын тауып 7 жыл, екінші рет 5 жыл президент болған) Абдулай Вад деген жетекшісіне 2012 жылы 2 сәуірде 34 пайыз ғана дауыс беріп, «құрметті демалысқа» шығарып салды.

Сенегалдықтар Абдулай Вадтың 85-тегі «жігіт» екенін де, орнына ұлы Каримды қалдырсам деген «арманын» да, ел астанасы Дакардағы теңіз жағалауына егілген әр пальмадан 2 миллион доллар пайда табатын «іскерлігін» де, қайта жаңғырған Африканың құрметіне 27 миллион долларға биіктігі 49 метрлік ескерткіш салған (ескерткіштегі үш адамның президент әулетіне ұқсауы кездейсоқтық қой) «еңбегін» де ескермеді.

Елді 12 жыл басқарған Абдулайға төзе алмай, «бұл мәңгілік президент болмақ» деп ашуланған, бұрынғы премьер-министр Маки Салға 66 пайыз дауыс берген Сенегал мұндай мінезге баяғы заманда – 1848 жылы-ақ душар болған екен.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің маңында суретке түсіп жатқан жұрт. Алматы, 11 қараша 2011 жыл
Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің маңында суретке түсіп жатқан жұрт. Алматы, 11 қараша 2011 жыл

P.S. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жастардың бір бөлігі Африка және Еуропа елдерінде болып жатқан үлкен өзгерістерге желігіп жүр. Не айтылса соны дұрыс қабылдайтын жас ұрпаққа бізге қызғанышпен қарайтындардың бар екенін және олардың бізде бәрі жақсы болғанын қаламайтынын түсіндіру керек» деген сөзі – тауып айтылған сөз расында да. Африкада Қазақстан үлгі алатын ештеңе жоқ екен.

Айтпақшы, Алматыдағы президент Назарбаев бейнеленген ескерткіштің құны және биіктігі қанша?

ІІ. ЖАҢАӨЗЕН МЕН «ХАБАР»

Жаңаөзен оқиғасы бойынша Ақтау қаласында сот өтіп жатыр.

Азаттық тілшілері бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші ретінде сұралып жатқан полицейлердің жауаптарында қарама-қайшы жайттар көп екенін, бір полицейдің Жаңаөзен оқиғасын «есіне түсіре алмағанын», бір полицейдің «қорыққанынан пистолеттің шүріппесін басып, оқ атылып кеткенін» айтқанын, айыпталушының сұрағына наразы прокурордың «Әй, шықшы бері!» деп кіжінгенін жазған еді.

Сот отырысына қатысқан бақылаушылар сурет пен видеоға түсіруге тыйым салғанына наразы болып, соттың әділ өтіп жатқанына күмән келтірген.

Бірақ мен «Хабар» телеарнасын көрген соң ол деректерге сенуді қойдым.
Жаңаөзен тұрғындарының шыққан шығынды қайтарып алудан өз еркімен бас тартуы бәрімізді таң қалдырды... Дегенмен, бұл азаматтарға бас тартқан жағдайда, шығынды ешкім өтемейтінін әлі де түсіндіру қажет.
– Барлық бүгін сотқа жауап берген куәгерлерге ешқандай қысым болып жатқан жоқ. Өздерінің ойларын айтып жатыр. Сотқа мына айыптаушылар, айыпталушылар жағы қорғаушылар, мемлекеттік қорғаушылар солардың бәрі өзінің ойын да тіке, ешқандай қысымсыз сұрақтарын қойып, жауаптарын алып, сот процесі әділ жүріп жатқанына көзім жетті, – дейді мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Гүлнар Сейтмағанбетова.

«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиев бұл депутаттың сәуірдің 6-сы күнгі сот отырысына ЖАРТЫ САҒАТ қатысқанын жазған еді – сондықтан Гүлнар Сейтмағанбетоваға сенбеске амалым жоқ.

Жаңаөзендегі сотта жәбірленуші кәсіпкерлердің көбі шығындарын айыпталушылардан өндіріп алудан бас тартқан. Бірақ Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Зинаида Федотованың «Хабардан» сөйлеген сөзін естіген соң жәбірленушілердің ол істері дұрыс емес екенін білдім.

– Әрине, Жаңаөзен тұрғындарының шыққан шығынды қайтарып алудан өз еркімен бас тартуы бәрімізді таң қалдырды, бәлкім, бір қалада тұрғандықтан таныстарының ағайыны істі болғандықтан, аяушылыққа барып, осындай шешімге келуі мүмкін немесе басқа да себептер бар шығар. Дегенмен, бұл азаматтарға бас тартқан жағдайда, шығынды ешкім өтемейтінін әлі де түсіндіру қажет, – дейді Зинаида Федотова.
Жаңаөзен соты өтіп жатқан ғимаратқа кіре алмай тұрған әйел. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл
Жаңаөзен соты өтіп жатқан ғимаратқа кіре алмай тұрған әйел. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

P.S. Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамед Ертісбаевтың осы аптада «Московский комсомолец» газетіне берген сұқбатында да Жаңаөзен сөз болды.

Жаңаөзен оқиғасына «сыртқы күштердің де әсері болғанын», «биліктің де көші-қон саясатында қателік жібергенін» айтқан Ермұхамед Ертісбаев:

– Мұнайшылардың айлығы Қазақстанның өндірістік секторында ең жоғары болғанын да айту керек. Мұнайдан түскен пайдаға келсек, ол түгелдей елдің ұлттық қорына аударылып жатыр. Назарбаев «бізде құдды мұнай жоқ сияқты өмір сүргенді, жұмыс істегенді үйренуіміз керек» деп бірнеше рет қадап айтқан, – деді.

Айтпақшы, «пайдасы ұлттық қорға түсетін» мұнай өндіріп жатқан мұнайшыларды «құдды мұнай жоқ сияқты өмір сүруге, жұмыс істеуге» қалай үйретуге болар екен?

ІІІ. АУЫЛДАН – АУЫЛҒА

Осы аптада Қазақстан парламенті мәжілісінің бір топ депутаты Қарағанды облысында болып, сайлаушылармен кездесті. Жұмыс тобын мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет төрайымы Дариға Назарбаева бастап барды.

– Ауылдан білім қуып қалаға келген жас маманның қайтадан өз ауылына барып еңбек етуі үшін мемлекет барлық жағдайды жасауы керек. Бүгінгі күні кәсіптік, арнайы орта білім беретін лицей, колледждерге үкіметтен барынша қолдау қажет. Елімізде жыл сайын жүздеген зауыт, фабрикалар салынып жатыр, соларда еңбек ететін білікті мамандарды даярлауымыз керек. Онсыз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру мүмкін емес, елдің экономикасы да өрге баспайды, – деді депутаты Дариға Назарбаева.
Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева (ортада) жергілікті мұғалімдермен кездесіп отыр. Теміртау, 5 сәуір 2012 жыл
Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева (ортада) жергілікті мұғалімдермен кездесіп отыр. Теміртау, 5 сәуір 2012 жыл

Қарағандылық мұғалімдер Нұра, Осакаров аудандарында 2014 жылы кәсіптік лицей салынатынын депутаттардың есіне салып, «осы құрылысты кейінге қалдырмай, келесі жылға жоспарласа» деген өтініш айтты.

P.S. Депутаттардан мұғалімдер құрылыс салғызуды сұраған күннің ертеңінде Қарағанды қаласындағы бес қабатты тұрғын үйдің жартысы – төрт подъезі құлап қалды.

Бұл бес қабатты үй үлескерлердің ақшасына салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген еді. Ол үйдегі 124 пәтердің 75-і үлескерлерге иесілі, 35 пәтерді мемлекет тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша сатып алған.

Расында да қалада үй салу, онда өмір сүру қауіпті екен. Соған қарағанда депутат Назарбаева айтқан, «ауылдан білім қуып қалаға келген жас маманның қайтадан өз ауылына барып еңбек етуі» өте қауіпсіз сияқты.
XS
SM
MD
LG