Accessibility links

Иранда ұсталған қазақстандықпен консул кездеседі


Иранда тұтқындалған Қазақстан азаматы Мұхаммад Ширзада (оң жақта) отбасымен бірге. Суретті әйелі Любовь Ширзада (сол жақта) берді.
Иранда тұтқындалған Қазақстан азаматы Мұхаммад Ширзада (оң жақта) отбасымен бірге. Суретті әйелі Любовь Ширзада (сол жақта) берді.
Сәуір айының басында Қазақстанның - үш, Ресейдің екі азаматы Иранда тұтқындалған еді. Ақпарат бойынша, бұл адамдар - «Зәркух» қазақ-иран бірлескен компаниясының қызметкерлері. Сәл кейінірек төртеуі босатылып, бір қазақстандық абақтыда қалды. Қазақстан азаматына қатысты Иран жағы әлі ресми түсініктеме бермей отыр.

«КЕЛЕСІ АПТАДА КЕЗДЕСЕМІЗ»

Қазақстан азаматы Мұхаммад Ширзадаға қандай айып тағылғаны, не үшін тұтқындалғаны Қазақстан жағына әлі күнге белгісіз.

Ирандық билік орындары Қазақстан консулын тұтқынмен кездестірмей келген еді. Тегерандағы Қазақстан консулының көмекшісі Жәнібек Көпжасардың айтуынша, Иран жағы екі айдан соң кездесуге рұқсат еткен.

- Вена конвенциясының 36-тармағы бойынша бір мемлекетте басқа елдің азаматы қамалса, консулмен міндетті түрде кездестіруі керек. Бұған дейін Иран жағы рұқсат бермеді. Енді келесі апта барамыз. Бірақ нақты күнін айтқан жоқ. Айыпталушының жағдайы қандай, қай жерде отыр, тамағы жақсы беріледі ме, жағдайы қалай - сонымен танысу үшін және қандай бап бойынша айыпталып отырғанын білу үшін консул кездесетін болды, - дейді Жәнібек Көпжасар.

Оның айтуынша, бұған дейін белгілі болғаны - қылмыстық істің қозғалғаны ғана. Бірақ «оның анық-қанығы айтылмапты». Көмекшінің айтуынша, тұтқынның жағдайын елшілік бақылап, біліп отырады.

«ИРАН БАРЛЫҚ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЕРЕЖЕНІ БҰЗЫП ОТЫР»

Ал Мұхаммад Ширзаданың әйелі Любовь күйеуін уайымдап отыр. Айтуынша, Иран тарапы барлық дипломатиялық ережені бұзып, күйеуін заңсыз қамап тастаған.

- Иран дипломаттарға да кездесуге рұқсат бермейді. Олардың жазған ноталарына жауап жоқ. Менің де жазғандарым жауапсыз қалды. Қандай айып тағылғаны әлі күнге айтылған жоқ, - дейді Любовь Ширзада.

Любовь Ширзада «Иран жағының күйеуін не себепті қамағанын түсінбейді». Айтуынша, күйеуі - «Евразия голд» компаниясында үш жылдан бері кеңесші.

«Евразия голд» - жоғарыда айтылған «Зәркух» компаниясының құрылтайшысы.

«Зәркух» - Иранда алтын қазатын бірлескен компания. Любовь Ширзаданың айтуынша, күйеуі бұған дейін талай мәрте Иранға іссапармен барған, бірақ мұндай жағдай болған емес.

- Қазір күйеуім істейтін компания оны абақтыдан босатқанша Ирандағы жұмысын тоқтатты. Оларға да Иран жағы жауап бермей отыр, - деді ол.

Азаттық тілшісі осы мәселе бойынша Алматыдағы Иран елшілігіне бірнеше мәрте хабарласқанымен өкілмен сөйлесудің сәті түспеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG