Accessibility links

Кёльн соты баланы сүндеттеуге қарсы


Баткен аймағының тұрғындары сүндет той өткізіп жатыр. Қырғызстан, 14 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Баткен аймағының тұрғындары сүндет той өткізіп жатыр. Қырғызстан, 14 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Германияның Кёльн соты баланы діни себеппен сүндеттеу денені зақымдайды деген шешім шығарды.

Соттың айтуынша, «баланың құқын ата-анасының діни рәсімді орындау құқы жеңіп кетеді» – сондықтан әке-шешесі баласының өсіп, өзіне сүндет жасату-жасатпауын өзі шешетін жасқа жетуін күтуі керек.

Германияда ер баланы сүндеттеуге тыйым салатын заң жоқ, сондықтан Кёльн сотының шешімін басқа соттар орындауға міндетті емес. Бірақ өзге соттар да бұл шешімді қолдауы әбден мүмкін деген болжам бар.
Дуйсбург қаласындағы мешіт. Германия, 26 қараша 2008 жыл.
Дуйсбург қаласындағы мешіт. Германия, 26 қараша 2008 жыл.

Кёльн соты бұл шешімді ата-анасы өтінген соң төрт жасар баланы сүндеттеген дәрігерге байланысты шығарды.

Операциядан кейін баланың қаны тыйылмай, әке-шешесі оны ауруханаға тағы әкелген. Прокуратура «дәрігер балаға ауыр дене жарақатын салды» деген айып тақты.

Аудандық сот баланың ата-анасы операция жасауға келісім бергенін айтып, дәрігерді ақтаған. Ол сот «дәрігердің жазығы жоқ, өйткені ол сүндеттеудің заңды не заңсыз екенін білмеген» деген уәж айтты.

Дін таңдау еркіндігі сөз болған кезде сот «сүндет баланың денесін біржолата өзгертіп, оның ер жеткен соң дін таңдау құқына қарсы келеді» деп мәлімдеді.

ӘЛЕМДЕГІ СҮНДЕТ САЛТЫ

Германияда жыл сайын мыңнан аса мұсылман және еврей бала сүндетке отырады. АҚШ-та гигиена ережесі бойынша барлық балаларды туа сап сүндеттейді.
Баланы сүндетке отырғызып жатыр. Бағдад, Ирак. 15 маусым 2011 жыл.
Баланы сүндетке отырғызып жатыр. Бағдад, Ирак. 15 маусым 2011 жыл.

Мұсылмандар тұратын Қазақстанда және басқа да бұрынғы советтік елдерде баланы екі-үш жастан асқан соң сүндеттейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде әрбір үшінші бала 15 жасқа дейін сүндетке отырады.

СОТ ШЕШІМІНЕ КӨЗҚАРАС

Неміс сотының шешімі елдегі еврей және мұсылман қауымының наразылығын тудырды. Еврейлердің орталық комитетінің басшысы Дитер Грауманн британдық BBC ақпарат агенттігіне бұл сот шешімінің діни қауымдардың ішкі ісіне араласу екенін айтты.

Германиядағы Пассау университетінің заңгері Холм Пуцке Financial Times Deutschland газетіне бұл сот шешімі дәрігерлер үшін баланы ата-аналар өтінішімен сүндетке отырғызу мәселесінде біраз жайтты анықтап бергенін айтқан.
XS
SM
MD
LG