Accessibility links

«Байқоңыр дауы» себеп пе, әлде симптом ба?


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ашғабат, 5 желтоқсан 2012 жыл
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ашғабат, 5 желтоқсан 2012 жыл

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан мен Ресей қатынастары пост-советтік кеңістіктегі ынтымақтастық эталоны екенін» айтады. Бірақ соңғы екіұшты саяси мәлімдемелер екі елдің арасындағы даулы мәселелерді көрсетті.

Ақорда мен Кремль арасындағы соңғы бірқатар қарама-қайшылау саяси мәлімдемелер «мәңгілік достық орнатқан» екі мемлекеттің арасында да шешімі қиын мәселелер бар екенін аңғартты.

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қаңтардың 25-і күні «Қазақстан мен Ресейді ешкім араздастыра алмайтынын, екі мемлекет болашаққа бірге баратынын» мәлімдеді. Оның бұл сөзіне ресейлік БАҚ жариялаған «Кремль Байқоңыр мәселесіне қатысты Астанаға ультиматум қойды» деген ақпарат түрткі болған.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та «Байқоңыр мәселесіне байланысты жіберілген нота күнделікті жұмыс барысында кездесетін көп шараның бірі ғана екенін» айтты.

«ОЙЛАНЫП КЕЛУ»

Былтыр желтоқсан айының басында «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың «Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу шартын біртіндеп тоқтату туралы Ресеймен келіссөздер жүріп жатыр» деген мәлімдемесінен кейін Қазақстан мен Ресей ақпарат құралдары әртүрлі болжамдар жасады.

Кейбір ресейлік БАҚ-тың жазуынша, бұл мәселе ультиматумға, яғни Ресейдің Қазақстанға үзілді-кесілді талап қоюына дейін жетті және ол Қазақстан сыртқы істер министрінің Ресейге сапары қарсаңында «ойланып келу үшін» әдейі жасалды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі қаңтардың 18-і күні нота келгенін растағанымен, «тек қана қызметтік сипаттағы құжатты министрдің сапарымен байланыстыру қисынсыз» деп мәлімдеді.

Ресейлік басылымдардың жазуынша, Қазақстан Байқоңыр ғарыш кешені төңірегінде біржақты шаралар жүзеге асыра бастаған. Мәселен, 2012 жылы қараша айында Қазақстан Байқоңыр қаласында шекара қызметінің өкілдігін ашып, «әскер кіргізген».

2012 жылғы желтоқсанның 19-ында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуі де Байқоңыр ғарыш айлағының мәселесін түпкілікті шеше алмаған.

«ПРОТОН-М» ФАКТОРЫ

Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр ғарыш айлағы мен одан ұшқан зымырандарға қатысты талқылау бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр. Әсіресе, 2007 жылы қыркүйек айында «Протон-М» зымыраны құлап, Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерге қалдықтары түскені Қазақстан үкіметін ерекше мазалаған болатын. Өйткені дәл сол кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазғанда жұмыс сапарымен жүрген еді.
Байқоңыр. Ғалым Смағұлұлының карикатурасы. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл.
Байқоңыр. Ғалым Смағұлұлының карикатурасы. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл.

Осы оқиғадан кейін Қазақстан қауіпсіздік кеңесі мен үкіметі «егер президент Назарбаев пен зымыранның бағыты сәйкес келсе, онда зымыранды тоқтата тұру» жөнінде Ресеймен уағда жасады.

Сол кездегі төтенше жағдайлар жөніндегі министр Виктор Храпуновтың айтуынша, зымыран құлаған жердегі гептил нормадан мыңдаған есе асып кеткен. Ал қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов «президент жүрген жерге құлаған зымыранның экологиялық залалын Ресейден қалай да өндіріп алатынын» мәлімдеген еді.

Кейбір ақпарат құралдары «зымыран құлаған жерде үлкен өрт болғанын, ең бастысы «Протондағы» 649 тоннаға жуық гептилден 218 тонна 978 килограмы ғана қалғанын» жазды. «Байқоңыр» ғарыш айлағанынан ұшырылған зымыран бұл оқиғадан бұрын да, кейін де бірнеше рет құлады.

Ресейлік «Независимая газетаның» хабарлауынша, Байқоңыр мәселесі туралы келіссөз қаңтардың соңында Мәскеуде жалғасады. Қазақстан мен Ресейдің вице-премьерлері Қайрат Келімбетов пен Игорь Шувалов бұл мәселені талқылау үшін арнайы кездеспекші.

«РЕСЕЙЛІК ЭКСПАНСИЯ»

Байқоңырға қатысты ең соңғы «Ресей нотасынан» үш күн өте Қазақстан мен Ресей арасындағы темір жол тасымалына байланысты туған тағы бір қайшылық туралы ақпарат тарады.

Ресейлік РБК daily сайтының жазуына қарағанда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігінен «ресейлік компаниялардың экспансиясы мен агрессивтік демпингтік саясатына тойтарыс беруді және жергілікті операторларға жеңілдік беруді» сұраған.

Оның үстіне ҚТЖ жүк тасымалдаушыларға басқа операторлармен жұмыс істеуге тыйым салып, жұмысын тек өзіне қарасты «Қазтранссервис» арқылы жүзеге асыруға кіріскен.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Ресейге сапарын бастаған күні, яғни қаңтардың 24-інде парламент сенатының депутаты Ғани Қасымов премьер-министрден «ТМД елдерінен әскери авиация сатып алудан бас тарту» мәселесін қарауды ұсынды.

Іле-шала қаңтардың 28-і күні izvestia.ru сайты Ресей үкіметі тарапынан Қазақстанға тағы бір талап қойылуы мүмкін деген ақпарат таратты.

Бұл ақпаратқа қарағанда, ресейлік «Сбербанк» басқармасының төрағасы Герман Греф Қазақстанның қаржы саясатына наразы. Ол «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстан шетелдік капиталдары бар банктердің жұмысына шектеу қою үшін бірқатар шаралар жасап жатқанын, ол шаралар жүзеге аса қалса, «Сбербанктің» 120 миллиард теңге жоғалтатынын айтып, ЕурАзЭҚ интеграция комитетінің төрағасы, Ресейдің бірінші вице-премьері Игорь Шуваловқа шағым-хат жазған.

Izvestia.ru сайтына пікір білдірген ресейлік сарапшылар «Самұрық-Қазынаның» бұл әрекеті ЕурАзЭҚ пен Кеден Одағының келісім-шарттарына қайшы деген пікір білдірген.

Дәл осы күні Қазақстан үкіметінің мұнай және газға қатысты кеңейтілген отырысында осы саланың министрі Сауат Мыңбаев Ресей арқылы мұнай экспорттау кезінде Қазақстанның үш есе шығынға ұшырайтынын ескертті.
Бұл жайттарды Қазақстан мен Ресей арасындағы «дипломатиялық сөз қағысудың» жаңа кезеңі ретінде бағалауға болады.

«ЕКІ БАСТЫ ОДАҚ»

Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден Одағына қатысты Ресейдің жетекші саясаткерлерінің пікірлері де Қазақстанда жиі талқыланған тақырыптардың бірі болды. Өйткені, Ресей саясаткерлерінің Еуразия одағын саяси бірлік деп сипаттайтыны байқалды.

Парламент мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтың, президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың, «НұрОтан» партиясының хатшысы Ерлан Қариннің ұқсас пікірлері кейде Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасайтын сапары алдында айтылып жатты.

Владимир Путиннің былтырғы қыркүйектің 19-ында Павлодарда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумына екі сағат кешігіп келуі «арадағы сызаттың ұлғайып келе жатқанын көрсетті» деп жазды бірқатар оппозициялық ақпарат құралдары. Мұндай пікірлерге қарағанда «саяси интеграцияны тездету жөніндегі Путиннің ұсынысы Еуразия одағы идеясының авторы Назарбаев тарапынан қолдау таба қоймаған».

Бірақ Павлодардағы кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан–Ресей қарым-қатынастары - пост-советтік кеңістіктегі ынтымақтастық эталоны» деп атап өтті.
Алдыңғы қатарда: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Ақордадағы кездесу кезінде. Астана. 7 маусым, 2012 жыл. Сурет Ресей президентінің ресми сайтынан алынды.
Алдыңғы қатарда: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Ақордадағы кездесу кезінде. Астана. 7 маусым, 2012 жыл. Сурет Ресей президентінің ресми сайтынан алынды.

Президент Назарбаевтың 2012 жылы желтоқсанның 10-ы күні жасаған Мәскеуге сапарынан соң іле-шала Түркия барғанда айтқан «200 миллион түркі біріксе, әлемдегі ықпалды күшке айналады» деген сөзін Қазақстан мен Ресей ақпарат құралдары талқылап, дискуссия тудырды.

Бірақ артынша президенттің баспасөз қызметі «Назарбаевтың бұл сөзі баспасөз бетінде жалпы контекстен тыс талқыланғанын, Еуразия одағы басты бағыт болып қала беретінін» мәлімдеді.

Бірақ биыл қаңтардың 9-ында Астанадағы шетелдік дипломаттармен кездесіп отырып Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздігімізге қатер төндіретін кез-келген бірлестіктен шығамыз» деген сөзі саяси белсенділердің ескі ойының қоламтасын, яғни «одақтың пайдасы мен зияны» туралы мәселені қайта қоздырды. Сөйтіп Қазақстан мен Ресей арасындағы одақ туралы түсінікте қайшылық бар екенін тағы да аңғарылды.

Былтыр Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин 1992 жылғы мамырдың 25-інде қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім-шартты» тағы да 10 жылға ұзартты.

1998 жылы Қазақстан мен Ресей арасында «Мәңгілік достық және одақтастық туралы» декларацияға қол қойылған болатын.
XS
SM
MD
LG