Accessibility links

Шенеунікті шетел емес, өз елін аралауға шақырды


Қарағанды тұрғындары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке сұрақ қою үшін кезекте тұр. Қарағанды, 19 сәуір 2013 жыл.
Қарағанды тұрғындары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке сұрақ қою үшін кезекте тұр. Қарағанды, 19 сәуір 2013 жыл.

Қарағандылықтармен кездескен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі әйелдердің зейнет жасына қатысты көп сұрақтың астында қалды.

Сәуірдің 17-сі күні мәжіліс «Қазақстан республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл заңды енді парламенттің жоғарғы палатасы - сенат қарап, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жіберуі керек. Министр Серік Әбденов Қарағанды облысына осы аралықта барды. Әбденовтің сапары БАҚ-та «зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерді тұрғындарға түсіндіру» деп аталды.

Министрмен кездесу Қарағанды қаласы әкімдігінің акт залында өтті. Қалаған адамның бәрі кірді десе болады. Зал кісіге лық толып, жиылған жұрттың қарасы бірнеше жүз адамға жетті.

Екі сағатқа созылған кездесуде министрге наразы сауалдар қойғандар көп болды. Ол сұрақтарға берілген жауаптар кейде қарсы уәждер тудырып, зал шулап кетіп жатты.

ЗЕЙНЕТКЕ ЕРТЕРЕК ШЫҒУ

47 жастағы Вероника Зворыгина Қарағандыдағы темір конструкциялар өндірісінде, 12 метрлік биіктікте орналасқан электрлі көпір-кранда жұмыс істейді.

Министрмен кездесуге арнайы келген Вероника Зворыгина зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгерістерге қарсы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, «жаңа заң қабылданса, ол зейнетке 11 жылдан кейін емес, 16 жылдан кейін ғана шыға алады».

- Жұмысы ауыр кәсіпорында істеймін. 12 метр биіктікке күніне өз аяғыммен кем дегенде 10 рет шығып-түсемін. Қызмет талабы бойынша көзім жақсы көріп, денсаулығым мықты болуы керек. Егер қан қысымым көтеріліп, денсаулығым сыр берсе, кранның астында жүрген адамдарды басып қалуым мүмкін. Ол үшін қылмыстық жазаға тартыламын. 15 жыл еңбек етіп, 800 мың теңге ғана жинаппын. Айтыңызшы, менің жағдайымдағы әйел 63 жасқа дейін қалай жұмыс істемек? - деді ол.
Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов (сол жақта) кездесуде отыр. Қарағанды, 19 сәуір 2013 жыл.
Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов (сол жақта) кездесуде отыр. Қарағанды, 19 сәуір 2013 жыл.


- Келесі жылдан бастап сіздің жұмыс берушіңіз ерікті түрде зейнетақы қорыңызға міндетті 10 пайыздан көп ақша аударса, 11 жылда біраз ақша жиналады. Егер қажетті сома жинай алсаңыз, 63 жастан ертерек зейнетке шығуыңызға болады. Қажетті сома әйелдерге – 3 миллион 100 мың теңге, ал ер адамдарға - 2 миллион 700 мың теңге, - деді министр Серік Әбденов.

Алайда министрдің жауабы залдағы көпшіліктің наразылығын тудырды. Жиналғандар «15 жыл ауыр жұмыспен 800 мың теңге жинаған Верониканың тағы 11 жылда 3 миллион теңге жинауы мүмкін емес екенін» тұс-тұстан айтып жатты. Министр бұл уәждерге жауап қатпады.

«Әйелдердің зейнетке шығуға қажетті сомасы ерлердікінен неге көп?» деп сұрағандарға Серік Әбденов «статистика бойынша орташа алғанда әйелдер зейнетке шыққаннан кейін - 21 жыл, ал ерлер 13 жыл өмір сүретінін» айтты.

"ҚАТАРДАН ҚАЛДЫРМАУ"

Кездесу барысында министр Серік Әбденов заң жобасындағы өзгерістердің барлығы әйелдердің «қоғамдағы рөлі мен оның тағы бес жыл қатардан қалмай қызмет етуіне, ерлерден кем болмай жақсы жалақы алуына жасалынып жатқан мүмкіндік» екенін айтты.

Ал қоғамдық белсенді Айтқожа Фазылов сөзін «Үкіметтің әйелдерге жасаған бар жақсылығы осы болса, жамандығы қандай болмақ?» деп бастады.

- Еуропамен салыстырғаныңызға жол болсын. Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері - 19 мың теңге. Ал сіз айтып отырған Еуроподағы Люксембургте бұл (төменгі жалақы) біздің теңгемен 391 мың теңге болады, Бельгияда – 372 мың теңге. Егер біздің билікте проблема болса, оны неге әйелдердің арқасында шешу керек? Министр мырза, біздің бұл наразылықтарымызды президентке жеткізіңіз. Мен бұрын президентті жек көретінмін, егер ол бұл құжатқа қол қоймаса, оны жақсы көре бастаймын, - деп аяқтады өз сөзін Айтқожа Фазылов.

Ал кездесуге келген белсенді Валентина Махотина «халықтың негізгі бөлігін қамтитын заң жобасын талқылау үшін референдум өткізу қажет» екенін айтты. Оны қолдаушылар министрге «шенеуніктер мұндай маңызды құжатты қабылдағанда шетел араламай, халықты аралап, халықпен кеңескені абзал» деген сөздерді дауыстап айтып жатты. Бұл уәждерге министр жауап берген жоқ.
Қоғамдық белсенді Айтқожа Фазылов сұрақ қойып тұр. Қарағанды, 19 сәуір 2013 жыл.
Қоғамдық белсенді Айтқожа Фазылов сұрақ қойып тұр. Қарағанды, 19 сәуір 2013 жыл.

Екі сағатқа жуық өткен кездесуде тек бір адам өзінің бұл өзгерістермен келісетінін айтып, жиналғандарға қарата «Президентіміз бен үкіметке сенейік, бұл өзгерістердің түбі жақсылыққа жеткізеді» деді.

Жұрттың көбі «Сен шыныменен солай ойлайсың ба, әлде саған өстіп айт деді ме?» деп, шулап наразылық білдірді. Өзін таныстырмаған ол келіншек «Бұл менің өз ойым» деп қысқа жауап беріп, орнына отырды.

Министр Әбденов еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында зейнетақы жүйесіндегі кейінгі өзгерістерді былай түсіндірген:

– Зейнетақы жүйесін жаңарту азаматтардың жиған қаражатын сақтап, көбейту үшін жасалып жатыр. Заң жобасын Қазақстанның ұлттық банкі мен еңбек, қаржы, экономика министрліктерінің мекеме аралық жұмыс тобы құрастырды. Ол жерде жақсы мамандар болды. Олар зейнетақы жүйесінің ашықтығы мен дұрыс жұмыс істеуін ойластырды. Мұның бәрі - азаматтардың еңбегіне лайықты зейнетақы алуына жағдай жасауға арналған әрекеттер.

Министрдің айтуынша, зейнетақы жүйесіндегі соңғы өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды зейнетақы қорына тұрақты түрде ақша аударуға міндеттеуі мүмкін.

Серік Әбденовтың айтуынша, министрлік өкілдері зейнетақы жөніндегі заң жобасының артықшылықтарын жұртқа түсіндіру үшін аймақтарды аралап шыққан.

Мәжіліс алғашқы оқылымында мақұлдаған «Қазақстан республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасында әйелдердің зейнетке шығу жасын 2014 жылдан бастап жылына жарты жылға ұлғайтып отырып, 10 жыл ішінде 58 жастан 63-ке жеткізу жазылған.

Бұл құжатқа қарсылар интернетте жариялаған арнайы кампания кезінде 63 мыңға жуық қол жинап үлгерді.

Қазір Қазақстанда ерлер зейнет демалысына 63 жаста, ал әйелдер 58 жаста шығады.
XS
SM
MD
LG