Accessibility links

СІМ: Әблязовтың туыстарын экстрадициялау туралы мәліметіміз жоқ


Қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязов
Қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязов
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтың атынан тараған "әйелі мен баласының Италияда тұтқындалып, ұшақпен Қазақстанға жөнелтілгені" туралы ақпаратқа қатысты хабары жоқ екенін мәлімдеді.

СІМ баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов Азаттықтың "Қазақстан Әблязовтың отбасын экстрадициялау туралы Италияға өтініш жасап па еді?" деген сұрағына байланысты экстрадициялау туралы ешқандай ақпараты жоқтығын, сол себепті комментарий бере алмайтынын айтты.

31 мамыр күні Facebook әлеуметтік желісі арқылы қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі мен баласының Италияның Рим қаласында тұтқындалып, Қазақстанға экстрадицияланғаны жайлы ақпарат тарады. Аблязовтың атынан тіркелген аккаунт парақшасында 29 мамыр, таңғы сағат 4:30-да Рим шетіндегі үйде оның әйелі Алманы, кейін 6 жасар қызы Алуаны полицейлердің алып кеткені, екі тәуліктен соң оларды Қазақстанға экстрадициялағаны туралы жазылған.

Бұл оқиға туралы жалғыз ақпарат көзі - Әблязовтің атынан ашылған Facebook парақшасында жазылған мәлімдеме. Онда "Әйелім Алманы 30 шақты қарулы полицей үйге басып кіріп, тұтқындаған. Ешқандай түсінік бермеген...Жұма күні кешке адвокаттарға әйелім мен баламды Қазақстанға экстрадициялау туралы Италия сотының шешімі бар екені айтылған... Италия прокурорының полицейлер мен судьяның заңсыз әрекеттерін тоқтату туралы ауызша нұсқауына қарамастан, әйелім мен баламды алдын ала дайындалған чартерлік ұшаққа күшпен отырғызып, Қазақстанға аттандырған" деп жазылған.

Азаттық тілшісі бұл мәлімдемеге қатысты Италия полициясынан комментарий алуға тырысып жатыр.

"БТА банктің" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң Лондонға кетіп қалған. Кейінірек Ұлыбритания оған саяси баспана берді. Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінді.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов наурызда апелляциялық шағым жазған. Қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырды.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен еді. Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Ол соңғы жылдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басты сыншыларының бірі ретінде танылды. Қазір бизнесменнің қайда екені белгісіз.
XS
SM
MD
LG