Accessibility links

АҚШ: Телефон тыңдауды шектейтін заң жобасы өтпеді


АҚШ Конгресі. Көрнекі сурет.
АҚШ Конгресі. Көрнекі сурет.
АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Ұлттық қауіпсіздік агенттігіне жеке телефон әңгімелерінің мониторингін жүргізуге шектеу қоятын заң жобасын қабылдамай тастады. Жобаны 205 депутат қолдап, 217 депутат қарсы дауыс берген.

Заң жобасын республикалық партия өкілі Джастин Эмэш пен демократтар өкілі Джон Кониерс бірлесіп ұсынған еді. Эмэш телефон әңгімелерінің мониторингі АҚШ конституциясына енгізілген төртінші түзетуге қайшы деп санайды. Ол түзетуде өздігімен тінту жүргізіп, тұтқынға алуға тиым салынатыны жазылған.

Заң жобасына Ақ үй әкімшілігі, сонымен бірге Конгрестің өкілдер палатасының спикері Джон Бейнер және республикалық партияның Конгрестегі өзге де жетекшілері қарсы болған.

Бұл заң жобасының әзірленуіне АҚШ қауіпсіздік қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуденнің әшкерелеу іс-әрекеттері себеп болған. Сноуден АҚШ арнайы қызметінің түрлі елдердегі азаматтардың интернеттегі және телефондағы байланыстарын жасырын тыңдайтын құпия бағдарламасын жұртшылыққа жария еткен еді.

Бір айдан астам уақыттан бері Мәскеудің Шереметьево әуежайында тұрып жатқан Эдвард Сноуденге қарсы АҚШ-та «тыңшылық жасады» деген айыппен іс қозғалған.
XS
SM
MD
LG