Accessibility links

Прокуратура Әблязовтың оққағары қайтарылатынын растады


Мұхтар Әблязов, бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер.
Мұхтар Әблязов, бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер.
Қазақстан бас прокуратурасы Испанияның бұрынғы банкир, қуғындағы саясаткер Мұхтар Әблязовтың оққағары Александр Павловты экстрадициялайтынын растады деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Агенттікке берген ресми жауабында прокуратура "Испания соты 22 шілдеде Қазақстан бас прокуратурасының Павловты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Павловты экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырған шешім шығарғанын" айтады.

Александр Павлов сот шешімі күшіне енген соң Испания үкіметінің келісімімен экстрадицияланбақ.

Мадрид соты 22 шілдеде Павловты экстрадициялау туралы шешім шығарғанын мәлім еткен еді. Қазақстан жағы оған қаржылық алаяқтық пен терроризм бойынша айыптар тағады. Ол биыл сәуір айында Испанияда тұтқындалған.

Павловтың заңгерлері бұған дейін айыптарды негізсіз көріп, оны Әблязовтың қайда екенін анықтау үшін жасалған амал деп атаған. Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2009 жылы Қазақстаннан кеткен. Оны 31 шілдеде Францияның арнайы күштері Муан-Сарту қаласындағы үйінде жасырынып жатқан жерінен ұстаған.

Қазақстан билігі Әблязовты аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасады деп айыптап отыр.
XS
SM
MD
LG