Бүгін Ақтау қалалық соты жазасын өтеп жатқан жаңаөзендік мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваның өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Бұл туралы азаматтық белсенділер Ғалым Ағелеуов пен Бақытжан Төреғожина хабарлады.
Роза Төлетаева қазір Атырау қаласындағы қоныстандыру колониясында отыр. Мұнда ол осы жылдың басында ауыстырылған.
2011 жылы Қазақстанның батысындағы мұнайшылардың ереуілін қорғаған Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында азаптауға ұшырады деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарда аяқталуы тиіс.
2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлық жасау", "қарақшылық жасау" айыптары бойынша барлығы 37 адам сотталған. Олардың барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.