Лондон соты қазақстандық оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың заңгерлерін оған тиесілі активтер туралы ақпаратты мәлім етуге міндеттеді.
Лондонның жоғарғы сотына Әблязовтың активтері туралы мәліметтерді тексеру туралы өтінішті қазақстандық БТА банкі берген еді. Интерфакс-Қазақстан агенттігі Лондон сотының бұл өтінішті "жұма күні қанағаттандырғанын" хабарлады. Мұхтар Әблязов қуғынға түспей тұрған уағында осы банкті басқарған.
Бұл мәліметтер бұған дейін адвокаттық құпия саналып келген. Шетелдік басылымның (The Lawyer) жазуына қарағанда, Әблязовтың активтері туралы ақпараттар Addleshaw Goddard, Clyde & Co, Stephenson Harwood заң фирмаларында сақтаулы. Соттың пікірінше, "осы үш фирмада сақтаулы жатқан Әблязовтың активтері жөніндегі ақпараттардың БТА банкі берген шағымға қатысы болуы мүмкін".
БТА Әблязовты "банкті басқарып тұрған 2005-2009 жылдары жиыны 6 миллиард доллар қаржы жымқырды" деп айыптап, ол қаржыны Ұлыбритания соты арқылы даулап отыр. Әблязов пен БТА арасындағы бұл соттың жүріп жатқанына бес жыл болды.
Мұхтар Әблязов айыпты мойындамайды. Оның айтуынша, "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны басты саяси қарсылас көреді және активтерін бақылауға алу үшін осы айыптарды тағып отыр".
2013 жылы маусымның 31-і күні Францияның Муан-Сарту қаласында ұсталған Әблязов қазір сол елде қамауда отыр. Қазақстан, Ресей және Украина оны Франциядан экстрадициялауды сұраған. 2014 жылғы 9 қаңтарда Франциядағы Экс-ан-Прованс қаласының соты Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарды. Кейін оның адвокаттары сот үкімінің үстінен апелляциялық шағым түсірген.
9 сәуір күні Францияның кассациялық соты қазақстандық қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаның біріне экстрадициялау туралы шығарылған әуелгі шешімнің күшін жойды.