Алматыда соңғы бірнеше күннің ішінде әлеуметтік желілер арқылы тарап кеткен қазақтың дәстүрлі күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы мен орыстың классик ақыны Александр Пушкиннің «сүйісіп тұрған» бейнелері салынған жарнамалық баннер жобасы қоғамның бір бөлігінің ерекше наразылығын тудырды. Сурет авторлары «өздерінің ар-намыстарын қорлады» деп санайтын бір топ белсенді тамыздың 25-і күні қалалық ішкі істер департаментіне арызданды. Сол күні даулы жарнамалық баннер авторларының Facebook парақшаларында олардың көпшіліктен «кешірім сұраған» ресми жауабы шықты. Қазақстандық өнертанушылар бұл даудың қоғамдағы табулар мәселесінің айнасы іспетті болғанын айтады.
23-24 тамыз күндері Бішкекте өткен орталық азиялық Red Jolbors Fest жарнама баннерлерінің фестивалінде алматылық Havas Worldwide Kazakhstan атты агенттіктің ұсынған жұмысы ғаламторда жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде қызу талқылау тудырды. Фестиваль сайтында Алматының Пушкин және Құрманғазы көшелерінің қиылысында орналасқан «Студия 69» түнгі клубының сыртқы жарнама жобасы ретінде таныстырылған баннерге тапсырыс беруші – Қазақстан ЛГБТ қауымдастығы деп көрсетілген. Жобаның сипаттамасында: «[Алматыдағы] Құрманғазы мен Пушкин көшелерінің қиылысында қаладағы ең белгілі «Студия 69» атты гей-клуб орналасқан. Сексуалдық азшылықтардың құқықтарын қорғау үшін бұл жайт әлеуметтік жобаның өзегіне айналды» деп жазылған.
НАРАЗЫ РЕАКЦИЯ
Дәстүрлі күйші-композитор мен классик ақынның сексуалдық азшылықтарды бейнелеуіне үзілді-кесілді қарсы консервативтік көзқарастағы белсенділер мен әлеуметтік желі қодланушылары бұл сурет өздерінің «ар-намысына тиетіндерін» мәлімдеп жатты.
Дүйсенбі күні жиырма шақты белсенді Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің үстінен Алматы ішкі істер департаментіне арызданды.
Полицияға шағым түсіруге келгендердің бірі Нұркен Халықберген өзін «Құрманғазы Сағырбайұлының немере ұрпағымын» деп таныстырды.
- Кеше Facebook желісінен осы суретті көріп, авторларына «мынадай сұмдықты неге шығарасыздар» деп жаздым. Олар маған «сіздің айтып отырғаныңыз ханжество, сіз түсінбейсіз, бұл – креатив, қазақтың намысына тиіп отырған жоқпыз» деп жауап қайырды. Бұл сурет тек Құрманғазы ұрпақтарының намысына емес, бүкіл қазақтың намысына тиіп отыр. Сондықтан мына арызымды жазып отырмын, - деді Нұркен Халықберген.
Белсенділердің полицияға арыз тапсырған сәтін мына видеодан көре аласыз:
Өзі жарнама саласында жұмыс жасайтын Нұркен Халықберген агенттікті қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеді. Ал өзге арызданушылар агенттік конституция мен «жарнама туралы заңды бұзды» деп мәлімдеді.
- Аталмыш сурет қазақтың және орыстың екі ұлы тұлғасын қорлау болып табылады. Сондықтан мұны біз тікелей өзімізге қатысты деп қабылдадық. Бұл тек біздің наразылығымыз емес, бүкіл жастардың наразылығы деп қабылдауларыңызды сұраймын. Конституцияның 14-бабында көрсетілгендей әр азаматтың намысына, арына тиіп, тегін кемсітуге болмайды. Олар кемсітіп тұр. Екіншіден бұлар әкішілік кодекстің 374-бабын және «жарнама туралы заңның» 6-бабын бұзып отыр. 6-бапта нақты көрсетілген мұндай жарнамаға жол берілмейді, – деді белсенді, әрі журналист Руслан Желдібай.
«Жарнама туралы заңның» мемлекеттік реттеу туралы 6-бабында «жөнсiз жарнаманың, сондай-ақ қоғамдық құндылықтар мен жалпы қабылданған моральдық нормаларға қол сұғушылықтың алдын алу және жолын кесу» қарастырылған.
15 адам қол қойған Havas Worldwide Kazakhstan агенттігіне қарсы арыз дүйсенбі күні Алматы ішкі істер департаменті мен Алматы қаласының прокуроры атына жолданды. Даулы жарнама суретіне қарсылық білдіруші белсенділер мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында авторларды қатаң түрде жазалауға шақырушылар да байқалды.
КЕШІРІМ СҰРАУ
Даулы жарнамалық баннердің авторларымен "Студия 69" түнгі клубымен байланысқа шығып, комментарий алу мүмкін болмады. Олардың телефондары жауап бермеді. Азаттық тілшісінің олардың әлеуметтік желілердегі аккаунттарына жолдаған сұраулары да жауапсыз қалды.
Макетіміз намысына тиген адамдардан кешірім сұраймыз. Аталған принттің басылмайтынын, ақылы медиаларда жарияланбайтынын ресми түрде мәлімдейміз.
Red Jolbors Fest сайтында аталмыш баннер жобасының авторларының бірі ретінде көрсетілген Олжас Исенов Twitter парақшасында тамыздың 25-і күні Алматы уақытымен кешкі 20.00 шамасында: «Міне, менттер де (полицейлер – ред.) маған жетті» деген жазба қалдырған. Әлеуметтік желі арқылы өзінің халін сұрамақ болғандарға жауап қайтармаған.
Бірақ түс қайта Havas Worldwide Kazakhstan агенттігінің Facebook парақшасында ресми коментарий жарияланды. Мәлімдемеде: «Макетіміз намысына тиген адамдардан кешірім сұраймыз. Орыстың ұлы ақыны мен ұлы қазақ композиторының мәдениетке қосқан үлесін мойындай отырып, аталған принттің басылмайтынын, ақылы медиаларда жарияланбайтынын ресми түрде мәлімдейміз» деп жазылған.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕРКІНДІК ПЕН ТАБУ
Әйткенмен жарнама жобасының авторларын шығармашылық еркіндік тұрғысынан қорғап шыққан әріптестері де бар. Азаттық тілшісі сөйлескен «Rocket Firm» компаниясының креатив директоры Олег Качалин сапалық тұрғыда алматылық «Студия 69» түнгі клубы үшін жасалған жарнамада «креатив бар» дейді.
- Иә, бұл баннерде креатив бар. Шығармашылық жұмыста әртүрлі түсініктер мен обьектілердің біріктірілгені көрініп тұр. Бір жағынан, Абай-Желтоқсан, Сәтпаев-Байтұрсынов секілді Алматыда қолданылатын қаланың навигациясы шебер пайдаланылған. Құрманғазы-Пушкин жағдайында либералдық лозунг астарланып, мекен-жай тұспалданған, - дейді Олег Качалин.
Маманның пікірінше, бұл баннер жобасын суретшілердің нақты бір коммерциялық тапсырыс үшін емес, тек шығармашылық ортада өздерін жарнамалау мақсатымен байқау үшін ғана жасағаны көрініп тұр.
Өнертанушы Валерия Ибраеваның пікірінше, аталмыш баннер жобасы белгілі орыс-неміс суретшісі Дмитрий Врубельдің Совет Одағының бірінші хатшысы болған Леонид Брежнев пен ГДР жетекшісі болған Эрих Хонеккердің сүйісіп тұрғандарын бейнелейтін әйгілі суретінің стилінде салынған плакат, я демотиватор.
- Негізі бұл постмодернизм құбылысы ретінде қызық жанр. Ал оның астарына қарасақ, бұл демотиватор қызығушылықтары бір адамдарға арналған клуб Құрманғазы мен Пушкин көшелерінде орналасқанын көрсетіп тұр. Мен осы суретке байланысты туған байбаламды түсінбеймін, - дейді Валерия Ибраева.
Өнертанушы жарнамалық баннерге байланысты дау Қазақстан қоғамында табулардың күшті екенін көрсетеді.
- Табу бізде кез-келген жанрда бар. Қазір біз [аталмыш суретке қатысты] надан, қатыгез [қоғамдық] реакцияны бақылап отырмыз, - дейді Валерия Ибраева.
Аталмыш баннер жобасына қатысты қоғамдық реакцияны біржақты "қатыгез", "надан" деп те сипаттауға келмейді. Құрманғазы есімінің қазақстандықтардың тарихи жадысы үшін не себепті сакральдық ұғым екенін ұтымды жолмен еске салушылар да бар. Жергілікті Gonzo.kz блог-платформасындағы авторлардың бірі Айжан Хамиттің жаңа туған дауға қатысты 19-ғасырда өмір сүрген дәстүрлі күйші-композитор Құрманғазының кім екенін таныстыратын блогын бір тәулікке жетпейтін уақытта 4 мыңнан астам адам оқып, мыңға жуық адам бөлісіп үлгерген. Ал дирижер Мүсілім Әмзе өзінің Facebook парақшасында: «Ау, ағайын! Кешеден бергі шудың жауабы ретінде фб лентасын Құрманғазы атамның күйлерімен толтырайық! Әрі өзіміз де танысып қаламыз, әрі еске де аламыз!» деп жазып күйшінің оркестр орындауындағы шығармаларымен бөлісіп жатыр.