Бүгін Астана қалалық қылмыстық істер сотының апелляциялық алқасы саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның серіктері Бауыржан Байбосын, Виталий Журавлевтың туыстары мен қорғаушыларының сотталушы Ержан Өтембаевты шартты түрде мерзімінен босатуға қарсы шағымын кері қайтарды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот отырысына Ержан Өтембаевтың өзі қатысқан жоқ. Судья Алма Есімова қалалық №1 аурухананың бас дәрігерінен алған медициналық қорытындысын оқып берді. Онда Ержан Өтембаевтың "денсаулық жағдайының нашарлығы, жүрек ауруынан емделіп жатқаны" баяндалған. Медициналық қорытындымен танысқан саясаткер, шағымданушылардың бірі Маржан Аспандиярова «Е.Өтембаевтың инфаркты жақында емес, 2006 жылы алғанын және қазіргі ауруы екі адамның бірінде барын» айтты.
Шағым түсіруші жақ Ержан Өтембаевтың денсаулығы түзелгенше сот ісін кейінге шегере тұруды сұраған. Бірақ сот бұл ұсынысты қанғаттындырмады. Шағымданушылар сонда да болса "түрін көріп, сұрақ қою үшін" Е.Өтембаевтың онлайн байланысы арқылы сот ісіне қатысуын сұраған. Судья ол өтінішті де қанағаттандырмады. Маржан Аспандиярова «Өтембаевтың түрмедегі тәртіпті мінезі оның мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына сеп емесін" айтты.
Е. Өтембаевтың қорғаушысы Е. Евтушенконың пікірі бойынша, түрме мекемесінің тәртібін толық орындаған адам заң бойынша, заңға мойынұсынушы болып есептеледі.
166/10 колониясының отряд басшысы Самат Кәкенов те Ержан Өтембаевтың түрмедегі тәртібі "дұрыс болғанын", "барлық шараларға ат салысып, мақтау қағаздарын алғанын" айтты.
Шағымданушы тарап енді жоғары инстанцияға шағымданатынын білдірген.