Азаттық: – Орталық Азияда белсенді жұмыс істеп, кеңейіп, дамып жатқан радикалдық ұйымдарды атап беріңізші.
Йозеф Ланг: – Қазіргі жаһанданған әлемде ислам радикалды ұйымдары да жаһандануға ұшыраған. Сондықтан мұнда жұмыстарын жүргізу үшін олардың осы аймақта орын тебуі міндетті де емес. Ирактағы «Ислам мемлекеті», Пәкістандағы TDP (Tehreek Difa-e-Pakistan) сияқты террористік ұйымдар тек ұрыс жүргізетін алаңды, өздері бақылауға ұстап отыратын жерді ғана қажет етпейді, олар бүкіл әлемде жұмыс істей отырып, қатарына адам алумен, жаңа қаржыландыру көздерін іздеумен айналысады.
Қазір олар үшін Орталық Азия жаңа содырлар жинайтын өңір болып отыр. Сирия мен Ирактағы конфликт басталғанға дейін он жылдан астам уақыт бойы Ауғанстан мен Пәкістанда «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Ислам жиһад одағы» сияқты Орталық Азиядан шыққан радикалды ұйымдар белсенді түрде жұмыс істеп, әлеуметтік желілердің, интернеттің көмегімен қатарына адам жинаумен айналысып келді.
Азаттық: – Ол жаққа Орталық Азиядан кеткендер саны артып, олар аймаққа қайта оралған соң радикалды ислам идеологиясын осында таратуы мүмкін бе?
Йозеф Ланг: – Иә, Сирия мен Иракқа Орталық Азиядан баратындар саны артады деп болжауға негіз бар. Бірақ бұл тек осы аймаққа тән проблема емес. Мұны әлемдік тренд деп айтуға болады. Себебі мұны Солтүстік Кавказ аймағынан да, ислам қауымдастықтары өте белсенді жұмыс істейтін Батыс Еуропадан да көреміз.
Азаттық: – Адамдарды ол жаққа баруға итермелейтін басты себеп не?
Йозеф Ланг: – Себептер өте көп, негізінен әлгі адамның жеке өзінің шешіміне байланысты. Оған идеология да, радикалдану да, адамның жеке басындағы мәселелер де түрткі болуы мүмкін. Мәселен, олар басына ауыр қайғы түскен адамға әсер ете алатын үгіт-насихат құралдарын меңгерген болуы мүмкін. Советтік мұсылмандар ислам әлемінің қалған бөлігінде жүрген саяси, діни және идеологиялық процестерден сырт қалды. Совет Одағы тарап, шекара ашылған соң сол идеялар мен қозғалыстардың барлығы ішке қарай ағыла бастады. Сондықтан басқа мұсылман әлемінде ондаған жылдар бойы жүріп келген процестер бұл аймақта өте жылдам өтіп жатыр.
Азаттық: – Әртүрлі деректер бойынша Қазақстаннан барған 400-ге жуық адам «Ислам мемлекеті» құрамында соғысып жүр. Кейбір деректерде тіпті 1000-нан астам адам деп көрсетіледі. Бұлардың саны арта ма?
Йозеф Ланг: – Содырлар сапындағы адам саны ең маңызды мәселе болғанымен, бір жағынан бұл ең даулы мәселе. Ондағы адамдардың санын ешкім нақты айта алмайды. Пәкістан мен Ауғанстандағы «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Ислам жиһад одағы» сияқты «сияқты ұйымдардың қатарында соғысқан Орталық Азия азаматтары мен қазіргі Ирак пен Сирияға барып жатқандарды салыстырып қарар болсақ, олардың саны күрт өскенін байқаймыз. Бұған белсенді үгіт-насихат пен логистика септігін тигізген. Себебі Сирияға жету үшін Түркияға барып, сол жерден шекараны кесіп өтсе болғаны.
Азаттық: – Мемлекет, күштік құрылымдар қай жолды таңдауы керек? Мұндай топтарды күшпен басып тастаған дұрыс па, әлде жұмсақ профилактикамен айналысқаны жөн бе?
Йозеф Ланг: – Қысқа мерзім тұрғысынан қарағанда, күшпен басу әдісі тиімді көрінуі ықтимал. Террорист болуы мүмкін, елге қауіп төндіруі мүмкін деген адамдар қоғамнан оқшауланады. Бірақ оларды күндердің күнінде қайта босату қажет болады. Оның үстіне дінге қатты берілген, кей жағдайларда фундаменталды көзқарас ұстанған адам қолына қару алып, соғысуды, террорист болуды қаламауы мүмкін ғой. Адамды дүниетанымы үшін қамаған жағдайда радикалдану процесі өте жылдам жүреді. Демек ұзақ мерзім тұрғысынан қарағанда күшпен басу әдісі тиімсіз, ол терроршылардың көбеюіне, олардың одан әрі радикалдануына түрткі болады.
Орталық Азия елдерінде «Таблиғи Жамаат», «Хизб-ут-тахрир» сияқты ұйымдарды экстремистік, тіпті кейде террористік ұйымдар ретінде сипаттайды. «Хизб-ут-тахрир» аймақта ислам халифатын құруды көздейді, яғни алдына саяси мақсат қояды, ал «Таблиғи Жамаат» прозелитизмді қолдайды, яғни діни мақсат ұстанады. Ұзақ мерзімдік мақсаттарына қарасақ, бұлар – фундаменталды, тіпті радикалды ұйымдар. Бірақ қазіргі қолданып отырған әдістеріне қарасақ, олар қарулы соғыс, террор тәсілдеріне жүгінбейді. Яғни мақсат-міндеттеріне қарасақ, оларды радикалды деп атауға болады, ал әдіс-тәсілдеріне көз салсақ, радикалды деуге келмейді. Мәселен, «Хизб-ут-тахрирдің» бертінге дейін Лондонда штаб-пәтері болды, қазір, менің білуімше ол Ливанға көшкен. Демек мұндай ұйымдар құқықтық шеңберде жұмыс істей алады. Постсоветтік кеңістікте «Хизб-ут-тахрир» Ресей аннексиялағанға дейін Қырым аумағында жартылай болса да ашық жұмыс істеген. Бұдан ешқандай мәселе туындамаған.
Азаттық: – Қазақстанда сопылықты әрдайым интеллектуалды ислам деп танып келген пікірге қалай қарайсыз?
Йозеф Ланг: – Сопылықтың саяси, жауынгерлік қыры да бар екенін ұмытпау керек. Мәселен, 19-ғасырда Кавказдағы ғазауатты салафиттер жасаған жоқ, себебі олар ол кезде болған де емес. Олар сопылық ұранмен шықты.
Азаттық: – Орталық Азияда қай елде радикализм мәселесі бойынша жағдай бәрінен күрделі?
Йозеф Ланг: – Менің ойымша ең күрделі жағдай қалыптасқан ел – Тәжікстан. Мұнда бұрыннан исламның рөлі өте жоғары. Ал үкімет исламның саяси тұрғыдан дамуына кедергі келтіріп отыр, әрі бұл елде балалардың мешітке баруына тыйым салынған. Бұл діннің одан әрі радикалдануына алып келеді, яғни кері нәтиже береді. Өзбекстанда да жағдай осыған ұқсас. Қалыпты исламға қысым күшейген сайын олардың радикалдану мүмкіндігі арта түседі.
ВИДЕО: Поляк сарапшысы Йозеф Лангтың сұхбаты
Сұхбатты орыс тілінен ықшамдап аударған – Мұхтар Екей.