Өзін «Артем» деп таныстырған содыр ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақстанның портты қаласы – Атыраудан екенін айтқан еді. Оның парақшасы маусымның 13-і күні өшірілді. Бірақ бұдан кейін «Артем» жаңа парақша ашып, өзінің Мосулда тұратынын, 30 жаста екенін мәлімдеді.
«МЕН СЕНДЕРДЕН БАС ТАРТТЫМ»
Шілденің 2-сі күнгі постында «Артем» ағылшын және қазақ тілдерінде «Қазақстан Республикасы» деген жазуы бар көк төлқұжат ұстап тұр.
Жариялаған бірнеше суретінде «Артем» алдымен төлқұжатты аяғымен мыжиды, кейін оны өртейді.
Оның бір суретінде «О, тағұт!» деп жазылған. Бұл сөзбен ИМ өкілдері шариғат заңымен өмір сүрмейтін мұсыман елдерінің үкіметтерін атайды. «О, тағұт! Мен сенен толық бас тарттым. Енді менің өз мемлекетім бар. Ол – Ислам мемлекеті» деп жазады «Артем».
«Артем» екі баласы – ұлы және қызымен Иракта қала беруге ант етеді. Ол балалардың жасы әлі 10-ға толмаған сияқты. Маусымның 13-і күнгі жазбасында «Артем» балаларын «ислам дінімен және Ислам мемлекетінде өсіріп-жеткіземін» деп уәде береді.
ТІКСІНТЕТІН АҚПАРАТ
ИМ басып алған Сирия мен Ирак аумақтарында қазақстандық азаматтардың жүргені Қазақстанды тіксінтіп отыр. Бұл елдің қауіпсіздік қызметтері экстремистік топтардың интернеттегі үгіт-насихатына еретіндер көбейеді деп қауіптенеді.
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Нұртай Әбіқаев маусымның 29-ы күні мемлекетте «интернет арқылы жұртты жаппай үгіттеу, идеологиялық экстремизм және терроризмді интернет арқылы насихаттау жұмыстары жүріп жатыр. Әртүрлі уағызшылар елге түрлі экстремистік кітаптарды әкеліп жатыр» деп мәлімдеді.
Қазақстан әсіредіншілдіктің қауіпті мәселе екенін мойындағанымен, ИМ басып алған аймақтардағы қазақстандықтар санын азайтып көрсетеді.
Әбіқаевтің айтуынша, Сирия мен Иракта шамамен 150-ге жуық қазақстандық соғысып жүр. Олармен бірге 200-ден астам әйел (өлген жауынгерлердің жесірлері де) мен бала бар. Осы цифрды қазақстандық шенеуніктер бірнеше айдан бері көрсетіп келеді.
Қазақстан билігі Сирия мен Ирактағы қазақстандық содырлар туралы жаңалықтарды көрсетпеуге тырысады. Маусымның 19-ы күні Азаттық радиосының Қазақ қызметі ИМ сапында соғысып жүрген «Артем» туралы мақаланы көптеген оқырмандардың оқи алмағанын айтты.
Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.