Украина Қазақстан билігіне қазақстандық мектеп оқулықтарында Қырымның Ресей аумағы ретінде көрсетілгеніне наразылық білдірді.
Украинаның Қазақстандағы елшілігі бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігіне Қырымның "Ресей федерациясының субъектісі" деп көрсетілгеніне наразылығын білдіріп, нота жолдағанын мәлімдеді. "Мектеп" баспасы шығарған оқулықтарда Қырым автономиялық республикасы Ресей территориясы ретінде көрсетілген. Бұл халықаралық қауымдастық ұстанымына да және Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын бірнеше рет білдірген Қазақстан билігінің ұстанымына да қайшы келеді" делінген мәлімдемеде.
Украина елшілігінің баспасөз атташесі Ирина Блащук Азаттыққа нота "бүгін таңертең министрлікке түскенін" хабарлады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Азаттыққа "нота жолданғаны туралы ақпаратты тексеріп жатқанын" айтып, басқа ақпарат бермеді.