Accessibility links

Өзбек босқыны Әбдірешид Кушаев Эстонияға жеткен


Өзбекстандық босқын Әбдірешид Кушаев Эстонияның Тарту қаласындағы дүкенде. Facebook әлеуметтік желісіндегі сурет.
Өзбекстандық босқын Әбдірешид Кушаев Эстонияның Тарту қаласындағы дүкенде. Facebook әлеуметтік желісіндегі сурет.

Өзбекстанда азаматтық ала алмаған, Қазақстан мен Ресейде – босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған өзбек босқыны Әбдірешид Кушаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында Эстонияға жетіп, қазір Тарту қаласында жүргені туралы хабарлаған.

«Кеше Мәскеуде поезға отырып, Псковқа таңертең жеттім, сағат 9.35-те автобусқа мініп, сағат 10:45-те Печоры кентіне бардым. Сосын орман ішімен жүріп, 16:45-те шекараны кесіп өтіп, азат әлемге кірдім!» деп жазған Әбдірешид Кушаев Тартудағы дүкендердің бірінде түскен суретін Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына жариялаған.

СССР тарағалы бері не туып-өскен жері, не этникалық тегі бойынша қандай да бір елдің азаматтығына қол жеткізе алмай жүрген Өзбекстандағы діни азшылық өкілі Әбдірешид Кушаев қазанның 3-і күні Мәскеуге жетті. Биыл наурызда Өзбекстаннан қашып шыққан 51 жастағы жалғызбасты татар текті христиан әуелі Қазақстанға келген, бірақ ол елде босқын мәртебесін ала алмаған. Соңғы екі ай бойы Омбы қаласында болған Кушаевқа Ресей билігі де босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

XS
SM
MD
LG