Қазақстанның бұрынғы премьер-министір Серік Ахметов жемқорлық ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысындағы соңғы сөзінде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата сөйледі. Айыптаушы тарап соттан Ахметовті 12 жыл бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуді сұраған. Ахметов Назарбаевты "ұстазым" деп атады.
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан сенімін ақтамағаным үшін шынайы кешірім өтінем. Маған бола Қарағанды облысында осындай ахуал туғанына, оны ойлап мемлекет басшысының қайғыратынына байланысты моральдық жауапкершілігім бар екенін түсінем. Егер сот пен мемлекет басшысы қатарға қосылуыма мұрсат берсе, барлық білімім мен тәжірибемді ел игілігі үшін қолданып, ақтығымды дәлелдеуге дайынмын. Кез келген жағдайда мемлекетке, халыққа және ұлт көшбасшысына (президент Назарбаевқа - ред.) адал болып қалам, - деді ол соңғы сөзінде.
Ахметов мемлекеттік айыптаушыға аса ірі көлемде пара алды деген бапты дәлел табылмағаны үшін айыптау қорытындысынан алып тастағаны үшін алғыс білдірді. Ол объективті және әділ үкім шығады деп үміттенетінін айтты.
Сәрсенбі күні өткен жарыссөзде Серік Ахметовтің төрт адвокаты судьядан оны ақтауды өтінді. Бұрынғы премьер-министр Қарағандыда өтіп жатқан атышулы қылмыстық істе "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыпталған. Бұл қылмыстық іс бойынша жалпы саны 21 адам сотқа тартылған. Олардың арасында Қарағанды облысы мен қаласының бұрынғы әкімдері бар.