Азия даму банкі Ауғанстан арқылы өтеді деп жобаланған, құны 10 миллиард долларға бағаланған газ құбыры құрылысына қатысты проблемалар 2020 жылға дейін шешімін табатынына сенім білдірді.
Түркіменстанды Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Үндістанмен жалғайтын газ құбыры (TAPI) жобасы акционерлері зерттеу және инжиниринг жұмыстары үшін 200 миллион доллар көлемінде инвестиция бөлуге уағдаласқан.
Жоба бойынша, жерастымен тартылатын құбыр Ауғанстанның оңтүстігіндегі ең күрделі аймақтардың бірі – Гилменд уәлаяты арқылы өтеді. Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия жөніндегі департаменті бас директоры Шон О'Салливан әлгіндей проблемаларға қарамастан бұл жобаны жүзеге асыруға болады деп санайды.
Шон О'Салливан Reuters агенттігіне сұхбатында бұл жоба іске асырылған жағдайда «аймақтар арасындағы, соның ішінде күрделі саналатын аймақтағы әріптестіктің теңдессіз үлгісі» болатынын айтқан. ТАРІ газ құбыры 2020 жылға қарай жұмыс істей бастайды деп жоспарланған.