Accessibility links

Назарбаев Ақтөбедегі шабуыл "салафизм тобының" әрекеті екенін айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2016 жыл.

Қазақстанда ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында Ақтөбеде болған қарулы шабуылдар жайы да айтылды. Ел президенті ол оқиғаларды "мәнсіз және зұлым әрекет" деп атады.

– Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз, – деді Назарбаев.

Президенті үкіметке екі айдың ішінде терроризм мен экстремизмге, қару айналымы мен оны сақтауға және сатуға қарсы әрекет ету саласындағы, көші-қонды және діни бірлестіктерді реттеу саласындағы заңнамалық бастамалар жиынтығын әзірлеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев жуықта болған шабуылдар "күш құрылымдарының жұмыс тәсілдерін түбірімен қайта қарау қажеттігін көрсеткенін" де айтты.

– Заңнамамызды қатайтып, осы салаға қатысты қабылданған бағдарламаларға талдау жүргізетін және тиісті өзгерістер енгізетін кез келді,– деді Қазақстан президенті.

Қауіпсіздік кеңесі отырысында бас прокурордың, ішкі істер министрінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасының, Ақтөбе облысы әкімінің баяндамалары да тыңдалған.

XS
SM
MD
LG