Accessibility links

«Мәсімов курткалары» құқық қорғаушыны түрмеге түсірді


Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев (оң жақта) сот залында отыр. Астана, 5 қазан 2011 жыл.
Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев (оң жақта) сот залында отыр. Астана, 5 қазан 2011 жыл.

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесімен соттасып, жеңілген астаналық құқық қорғаушы Талас Сағымбаев төрт айға түрмеге қамалған. Ертеректе белгіленген еркіндігін шектеу жазасының қалған мерзімін ол түрмеде өтейтіні жуырда белгілі болды.

Былтыр мамырда Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 соты Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің әкесі - бизнесмен Қажымқан Мәсімовке 300 мың теңге көлеміндегі моральдық өтемақы төлеу туралы сот шешімін орындамағаны үшін Талас Сағымбаевтың бас еркіндігін бір жылға шектеуге үкім шығарған.

Талас Сағымбаев «бизнесті арамзалықпен жүргізеді» деп айыптап, Мәсімовтің әкесімен көпке дейін ашық тартысқан, бірақ сотта жеңілгеннен кейін құқық қорғаушы көзге түспей кетті. Оның бірер айға болса да биыл наурызда түрмеге түскені енді ғана анықталды.

ТӨРТ АЙ ЖӘНЕ 22 КҮН

Талас Сағымбаевтың наурыз айынан бері Ақмола облысының Степной кентіндегі ЕЦ-166/26 жалпы режимдегі колонияда отырғанын Азаттыққа оның бауыры Қабиден Сағымбаев айтты. Оның сөзінше, Талас Сағымбаевты үйінің жанынан ұстап, әуелі тергеу абақтысына, кейін колонияға әкеткен.

- Оның қаулыны оқымағанын, қол қою үшін оған ешкім ештеңе бермегенін СИЗО-ға іздеп барғанда айтты. Ешқандай сот болмапты, болса да Таласты қатыстырмаған. Мен мұны саяси тапсырыс деп санаймын, өйткені адамды қамап қойды. Кезінде [оппозициялық саясаткерлер Заманбек] Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың көзін жойған сияқты, абырой болғанда, ол әлі тірі отыр, - дейді Қабиден Сағымбаев.

Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев. Астана, 23 қыркүйек 2011 жыл.
Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев. Астана, 23 қыркүйек 2011 жыл.

Оның айтуынша, мамырдың 13-і күні бауыры 55 жасқа толған, сондықтан шешесі екі күндік кездесуге барып келген. Енді шілдеде қысқа мерзімді кездесу болуы тиіс. Қабиден Сағымбаевтың айтуынша, колонияда отырған бауырының денсаулығы аса жаман емес.

- Ол қазір санбөлімде жатыр, сырқат. Желтоқсан-қаңтар айларында ауруханаға жатып, емделіп шыққан, режимді бұзғаны үшін. Солай деп естідім, бірақ қаулының өзін көрген жоқпын, - дейді Қабиден Сағымбаев.

Талас Сағымбаевтың бас еркіндігін шектеу жазасы наурыздың 11-інен кейін қамауға ауыстырылғанын Азаттыққа Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) де растады. Азаттық ресми сауалда сұрағанымен, олар мұның себебін атамаған.

Ақмола облысты ҚАЖД жолдаған жауапта «Астана қаласы Сарыарқа ауданы пробация қызметінің ұйғарымымен Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының наурыздың 11-і күнгі (2016 жыл) қаулысымен белгіленген бас еркін шектеу жазасының өтелмеген мерзімі - 4 ай 22 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды» деп жазылған.

МӘСІМОВТІҢ ӘКЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖАНЖАЛ

Бес жыл бұрын сот Талас Сағымбаевты Қажымқан Мәсімовтің үстінен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған шағымын қайтарып алуды және өзі таратқан ақпаратты баспасөз арқылы терістеуді міндеттеген болатын. Бұған қоса, ол «моральдық зиян келтіргені» үшін бизнесмен әрі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімовке 300 мың теңге өтемақы төлеуі тиіс болған.

Бірақ биліктің мәлімдеуінше, құқық қорғаушы соттың әлгі шешімін сол күйі орындамаған. Ертеректе Талас Сағымбаев Азаттыққа «сот менің қатысуымсыз өткен әрі маған ескерткен жоқ» деген уәжбен соттың 300 мың теңге төлету шешімін де, ақпаратты баспасөз арқылы терістеуге міндеттеуін де заңсыз деп санайтынын айтқан.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл.
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл.

Жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Сағымбаев «Шымкент қаласындағы бір топ кәсіпкер мен үлескерлер Қажымқан Мәсімовті келісім-шарттағы міндеттемелерін орындамады деп айыптайды» деген болатын. Әлгі сұхбаттан кейін Қажымқан Мәсімов ар-намысын қорғауды сұрап, сотқа жүгінген. Оның адвокаты Гүлжан Омарова «клиентімді бүкіл жұрттың алдында «қарыз» атандырды» дейді.

Құқық қорғаушы бизнесмен Қажымқан Мәсімовтің қатысы бар делінген 50 курткаға қатысты хикаяны да айтып берген. Сағымбаевтың сөзінше, 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданын су басқан кезде Қажымқан Мәсімовтің компаниясынан адамдар келіп, «зардап шеккендерге таратамыз» деген уәдемен кәсіпкер Гауһар Айтымбетовадан әлгі курткаларды алған. Сағымбаевтың болжамынша, әрқайсысы бес мың теңгелік 50 куртканы зардап шеккендерге таратқан болуы мүмкін, бірақ олардың ақшасын сол күйі ешкім төлемеген.

Азаттыққа алдыңғы сот шешіміне қатысты комментарий берген Қажымқан Мәсімов сот шешіміне риза екенін айтып, «Сағымбаев сотта ештеңені, оның ішінде әлгі курткаларға қатысты жайттарды да дәлелдей алмады» деген болатын.

Сотталғанға дейін құқық қорғаушы «сот шешімін орындамағаным үшін Астана полицейлері мен прокуратурасы қысым жасады» деп бірнеше мәрте мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG