Рио олимпиадасында 77 килограмда әлем рекордын орнатып, алтын медаль алған қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов Азаттық тілшісіне допингтен таза екенін айтты.
- Мен - тазамын. Басқа айтылып жатқан сөздерге мән бермеймін, - деді Рахимов.
Рахимов Риода алтын алғаннан кейін оның қарсыластарының бірі, қола медаль иеленген египеттік Мохаммед Махмуд "допинг тексерістен кейін өзгерістер (медаль иегерлері бойынша - ред.) болуы мүмкін. Қысқа уақыттың ішінде осындай салмақты көтеру мүмкін емес" деген.
Ұлттық олимпиада комитетінің мәлімдеуінше, Рио олимпиадасы алдында Қазақстан спортшылары Германиядағы зертханада допинг тексерісінен өтіп, барлығы таза болған.
Нижат Рахимов 2013 жылы Әзербайжан құрамасында жүргенде допингпен ұсталып, екі жыл жазасын өтеген соң 2015 жылы спортқа қайта оралған. Ол спортқа қайта оралған соң 2015 жылы Қазақстан атынан Хьюстондағы әлем чемпионатында алтын жүлде алған.
Рахимов Рио олимпиадасында жұлқа көтеруден кейін қытайлық атлет Люй Сяоцзяннан 12 килограмм ұтылып тұрған. Сосын серпе көтеруде рекордтық 214 килограмды көтеріп, чемпион атанды.
Қазір Қазақстан құрамасында Рио олимпиадасының екі алтын, екі күміс, үш қола медалі бар. Рахимовтан бөлек жүзуден Дмитрий Баландин алтын алды. Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика) пен Елдос Сметов (дзюдо) күміс медаль еншілеген. Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Карина Горичева мен Фархад Харки (екеуі де - ауыр атлетика) қола медаль иеленген. Қазақстан 11 тамыздағы командалық есепте 11-орында тұр.