Accessibility links

Грузияда есірткіні заңдастыруды қолдайтын белсенділер полициямен қақтығысқан


Грузиядағы Самтредиа қаласында белсенділер полицияның көлігін ақ түске бояп жатыр.
Грузиядағы Самтредиа қаласында белсенділер полицияның көлігін ақ түске бояп жатыр.

Грузияда Самтредиа қаласында жексенбіге қараған түні полиция мен марихуананы заңдастыруды қолдайтындар акциясына қатысушылар арасында қақтығыс болған. Грузияның орталығындағы шағын қалашықта полиция ғимараты алдында өткен шеруді жастардың «Ақ қозғалыс» (екінші атауы - «Ақ шу») коммерциялық емес бірлестігі ұйымдастырған. Бұл қозғалыс елде есірткінің жеңіл түрін заңдастыруға шақырып жүр.

Жастар ұйымының белсенділері Самтредиа қаласында осыдан бірнеше күн бұрын өз-өзіне қол салған 22 жастағы Демур Стуруаның қазасына байланысты наразылық білдірген. Стуруа ақтық сөзін жазып қалдырған хатында өзін полиция қызметкерлерінің бірі құқық органдарына мәлімет жеткізіп тұратын адам болуға мәжбүрлегенін, оған келісім бермеген жағдайда үстінен қылмыстық іс қозғап, есірткі сақтаған және тұтынған деген айыппен қамауға аламын деп қоқан-лоқы жасағанын баяндаған.

Полиция ғимараты алдында өткен наразылық акциясына қатысушылар Демур Стуруаның есірткіге тәуелді болғанын жоққа шығармаған. Алайда «Ақ қозғалыс» жетекшілері Грузия мемлекетінің есірткіге қатысты тым қатал, тіпті қатыгез саясаты полицияға есірткіге тәуелді адамдарды бопсалап қысым жасауға мүмкіндік туғызып отыр деп санайды.

Наразылық шеруіне қатысушылар пиротехникалық гранаталар мен түтіндеткіш құтыларын жарып, онан соң полицияның патрульдік көліктерін ақ түске бояп, «мені өлтірмеңіздер – мен де адаммын» деген жазуы бар плакаттар жапсырған. Олар өздеріне бөгет жасамақшы болған жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне қарсылық танытып, өз жетекшілерін полицияның қолына түсірмей, алып қалуға тырысқан.

Наразылық акциясына қатысушылардың бірін полиция ұстап, бірақ көп ұзамай босатқан. Грузия ішкі істер министрлігі «бөтеннің мүлкін бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұған дейін Грузия билігі есірткінің жеңіл түрлерін тұтынғаны үшін қолданылатын жазалау шараларын жұмсартуға дайын екендерін, бірақ Грузияда есірткіге тәуелділік үшін қылмыстық жауапкершілікті толығымен алып тастауға болмайды, ал енді «Ақ қозғалыс» (Нидерланд елін мысалға келтіріп) талап етіп отырғандай, есірткінің жеңіл түрлерін заңдастыру жайлы еш әңгіме болмауы тиіс деп бірнеше мәрте мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG