Accessibility links

ЕКПА миссиясы Грузияда сайлауалды кезеңде байқалған қателіктерді атады


ЕКПА миссиясы бақылаушыларының баспасөз мәслихаты. Тбилиси, 9 қазан 2016 жыл.
ЕКПА миссиясы бақылаушыларының баспасөз мәслихаты. Тбилиси, 9 қазан 2016 жыл.

Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) миссиясы Грузиядағы сайлау барысына жүргізген мониторингтің алдын ала қорытындысын жариялады. «Грузияда сайлау алды кезеңінде саяси партияларды қаржыландыруға қатысты қателіктер жіберілді, сонымен бірге оппозиционерлердің демократиялық құқықтары сақталмады» деп мәлімдеді бүгін Грузиядағы ЕКПА делегациясы өкілдері. Грузиядағы парламент сайлауы барысын осы ұйымнан 32 адам бақылаған.

«Сайлау бәсекелестік жағдайында өтті, бірақ сайлауалды кезеңде кандидаттарға қатысты өрескел іс-әрекеттер бәрібір тіркелді. Ондай қылықтар бұдан соң қайталанбауы тиіс», - деген ЕКПА делегациясының жетекшісі, Литва Сеймінің депутаты Эмануэлис Зингерис.

ЕКПА өкілі саяси күштерді қаржыландыру біркелкі болмағанына назар аударды. «Біз бақылаған негізгі нәрселердің бірі - сайлауалды кезеңінде саяси партияларды қаржыландыру әділ өткізілген жоқ, өйткені кейбір партиялар өзгелерге қарағанда анағұрлым көбірек сома алды. Және олардың айырмасы өте үлкен болды», - деген Эмануэлис Зингерис.

Грузияның сот жүйесі сайлау заңдылығының бұзылуына өте жылдам қимыл танытуы тиіс деген Зингерис. «Біздіңше, сайлауалды кезеңде жол берілген қателіктер – БАҚ қызметкерлері мен саясаткерлерді аңду мен олардың жеке өмірі жайлы түсірілімдерді таратуға қатысты мәселе. Бұл демократиялық қоғамда қабылдауға болмайтын жайт», - деп мәлімдеген Зингерис.

ЕКПА делегациясы Грузиядағы парламент сайлауының екінші турын бақылауды жалғастырып жатыр. Онан соң ол өз бақылауына сүйеніп, сайлауға берген түпкілікті бағасын жариялайтын болады деп хабарлайды «Новости-Грузия» агенттігі.

XS
SM
MD
LG