Accessibility links

Эмомали Рахмонға "тәуелсіз Тәжікстанның негізін қалаушы" мәртебесі берілді


Эмомали Рахмон, Тәжікстан президенті.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан президенті.

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы "Ұлт көшбасшысы - бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы туралы" жаңа заңды қабылдады. Заң бойынша, қазіргі президент Эмомали Рахмонға президент қызметінен кеткен соң халыққа үндеу жолдауға, маңызды мемлекеттік шараларға қатысуға және онда сөйлеуге құқық беріледі. Депутаттар сонымен қатар Рахмонға "егеменді Тәжікстан мемлекетінің, бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы" деген мәртебе берді.

Эмомали Рахмонға өткен жылы желтоқсанда "ұлт көшбасшысы" деген мәртебе берілген.

Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, жаңа заңға сай "ұлт көшбасшысына" арнайы қор құрылып, ұлт көшбасшысының ордендері мен сыйлығы тағайындалады.

Парламенттің төменгі палатасының төрт депутаты ұсынған "Ұлт көшбасшысы - бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы туралы" заң кіріспе мен 19 бөлімнен құралған. Ол 2015 жылы 18 желтоқсанда парламент қабылдаған, 16 баптан құралған "Ұлт көшбасшысы туралы" заңның күшін жойып, орнын басады.

Парламенттің төменгі палатасының спикері Шукурджон Зухуров бұл заң жекелеген адамға емес, президентке қатысты екенін мәлімдеді. Мұндай мәлімдеме бір топ депутат заң жобасын қолдамақ болып, Эмомали Рахмонды мадақтай бастағанда жасалды.

64 жастағы Эмомали Рахмон билікте 1992 жылдың қарашасынан бері отыр. 2013 жылғы сайлауда ол жаңа мерзімге сайланған. Рахмонның өкілетті мерзімі 2020 жылы қарашада аяқталуы тиіс.

Эмомали Рахмон - Орталық Азия мемлекеттері арасында "ұлт көшбасшысы" мәртебесін иемденген алғашқы президент емес. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да 2010 жылы қабылданған заң бойынша "ұлт көшбасшысы" мәртебесі берілген.

XS
SM
MD
LG