КІШІ РАДОГАЩЬ
Леонтин Креницкий географиялық картаға үңіліп, жер аударылғанға дейін өзінің отбасы – әке-шешесі тұрған, осы әулеттің төрт баласы туған селоны көрсетті.
- Бұл – орталық Украина, Каменец-Подольск облысы, Изясов ауданы, Кіші Радогащь селосы.
14-ғасырдан бері белгілі село орыс, украиндар қоныстанған оңтүстік жағалау және поляктар тұратын солтүстік жағалау болып бөлінген. Леонтин Креницкийдің әкесі Франц Креницкийдің төрт бауыры болған. Ағайынды ұста жігіттердің аяқ киім шығаратын цехы болған. Әулетте тараған аңызға қарағанда, көрші тұрған поляк кнәзі араб арғымақтарын тағалату үшін оларды 1917 жылғы революцияға дейін жиі шақырып тұрған.
Совет үкіметі жылдарындағы ұжымдастыру басталғанға дейін Леонтин Креницкийдің әкесінде 100десятина (1,09 гектарға тең жер өлшеуі) жері болған. Ол колхозға кіргісі келмей, ұзақ тартыншақтаған, ең соңғылардың бірі болып кірген. Бірақ миллиондаған жанды Сталин жарлығымен күштеп депортациялауға бұл әрекеті бөгет бола алмаған.
Ақыры 1936 жылдың маусымында селодағы поляктарды мал таситын вагондарға тиеп, шығысқа жөнелткен. Леонтин Креницкийдің айтуынша, депортация басталар сәтке қарай Кіші Радогащь селосында бір мыңға жуық поляк тұрған. Жұрттың бәрін емес, «ауқаттылау», Польшада туыстары тұратын, Польшаға тауар алуға барғандарды депортациялаған. Бірақ тіпті қызыл армияда қызмет етіп, соғысқандарды да жер аударған.
Жер аударылатын кезде Креницкийлер отбасында төрт бала болған.Ал Леонтин Креницкий Казақстанда туған.
«ЖАПАН ДАЛАҒА ӘКЕП ТАСТАДЫ»
Билік жер аударылған поляктарға «жаңа жерде сендерді дайын үй күтіп тұр, жегін және өзге малмен қамтамасыз етеміз, Украинаға қарағанда, шалқып өмір сүресіңдер» деп уәде еткен. Жұрт әлгі сөзге сеніп, тұрмысқа қажет ұсақ-түйек заттарын ғана алған. Бірақ іс жүзінде жағдай мүлде өзгеше болып шыққан. Оларды жапан түз бен қағылған қазықтан өзге ештеңе жоқ Солтүстік Қазақстан даласына әкелген. Жұрттың «Үйлер қайда?» деген сұрағына комендант «Оны уәде берген адамдардан сұраңдар. Мына жерге село саласыңдар. Қажет дүниенің бәрін әкеліп береміз» деп жауап берген.
Әлгі жер Көкшетаудан 60 километр, Келлеров ауылынан 35 километр жерде екен. Барлығы 1200 поляк пен 800 неміс депортацияланған.
- Келесі күні палаткалар әкеліп, орната бастапты. Немістер сақтық жасап, қамданып шыққан екен. Олар Украинадан малын, жихаз, тігін машиналарын ала келген. Ал поляктарды алдап соққан. Біраздан кейін сырғауыл тақтайлар әкеп берген. «Саманнан үй соғыңдар. Күзге дейін салып үлгермесеңдер, үсіп өлесіңдер» деген. Бірақ оны қалай салуды ешкім білмеген. Маңайда сонау патша заманында келіп қоныстанған украин селолары бар екен. Әлгі ауылдарға барып, үйді қалай салғанын көрген. Омскіден прораб келіп, саман жасауды үйрете бастаған, - дейді Леонтин Креницкий.
Селоны әуелі Әбділман деп атаған. Максим Горький қайтыс болғаннан кейін жалпы жиналыста селоны оның құрметіне атауды ұсынған. Бастықтар құптаған. Сол кезден бері әлгі село Горький деп аталады. Селода колхоз құрған. 1936 жылдың күзіне қарай әр отбасыға 18 шаршы метрден келетін бірнеше отбасы тұратын барак типтес үйлер («сталинка») дайын болған. Маңайда қазақ ауылдары болған.
- Жоқшылық заман еді. Қазақтар алдында ғана ашаршылықты бастан кешірген. Олардың бүкіл малын тартып алып, өздерін күштеп колхозға кіргізіп қойды, ал оларда жер жыртып, егін егетін тәжірибе болмаған еді, - дейді ол.
Леонтин Креницкий қиын-қыстау заманда тірі қалуға маңайдағы село, ауыл тұрғындарының қолдауы да көмектескенін айтады. Бірақ тәжірибе алмасу екі жаққа да тиімді болған. Мысалы, қазақтарға олар түрлі кәсіп үйреткен.
Солтүстік Қазақстандағы тіршілік Украинадағы өмірден мүлде өзгеше болған.
- Қыста 45 градус аяз. Қазір ол жақта ондай аяздар жоқ. Тіпті жылы киім де болған жоқ. Сондай өмір пима басып, теріден киім тігуді үйретті, - дейді ол.
Алғашқы кезде өз қолымен өсірген ештеңелері болмаған. Нан, бидайды әкеліп, әр отбасыға таратқан. Мал бермеген, оны көрші ауылдардан әркім өзі сатып алған. Медпункт, дүкен салған. Жаңадан құрылған колхозда келесі жылға егіс еге бастаған. Қыста жұрт ашығып, көп адам өлген. 1937 жылы жеті жасар үлкен ағасы Вацлав, іле-шала кіші ағасы Владислав өлген.
Алғашқы кезде колхозшылар жерді өгіз, ат, тіпті сиырмен жыртқан. 18 километр жерде машина-трактор станциясы болған. Бір жылдан кейін ол жақтан алғашқы трактор алған.
Депортацияланған поляк, немістер арнайы қоныстанушылар деген мәртебе алған. Қашып кетпес үшін олардың құжаттарын бірден тартып алған. Жазбаша рұқсатсыз селодан бір километрден алысқа ұзауға тыйым салынған. Әлгі тыйымды бұзғандарды түрмеге қамаған. Оларда сайлау, сайлану құқығы болмаған, әскерге алмаған, институт, техникумға қабылдамаған. Әкімшілік қадағалауды комендант атқарған.
Советтік диктатор Иосиф Сталиннің ажалына дейін осылай болған. 1953 жылдан бастап қатаң бақылау босаңси бастаған. 1956 жылы поляктарды саяси қуғын-сүргін құрбандары деп таныған. Бірақ әлгі қаулы «құпия» деген белгімен шыққан.
ӨЗ ЕРКІМЕН АЙДАУҒА КЕТУ
Леонтин Креницкийдің әйелі Валентинаның әкесі - поляк, шешесі – орыс. Әкесі Альбин Якубинский соғысқа дейін Киевтегі мұғалімдер институтын поляк тілінде бітірген. Поляктарды Қазақстанға жер аударғанын естіп, оларға ана тілінде сабақ беру үшін, олардың артынан өз еркімен аттанған.
Жергілікті бастықтар оған «Жарқыным, поляк тілің не? Орыс тілін үйретесің!» деп тыйып тастаған. «Мен поляк, украин тілдерін білемін, ал орыс тілін білмеймін» деген оған «Үйренесің!» деп бұйырған.
Ол осылай орыс тілі мен әдебиеті мұғаліміне айналған. Кейінірек Көкшетау облысындағы ауыл мектептерінің бірінде директор болған.
Соғыс жылдары Альбин Якубинский СССР-де жасақталған поляк әскеріне кіріп, гитлершіл Германияны талқандауға қатысқан. Артиллерия поручигі шенінде Дрезденге дейін жеткен. Соғыстан кейін Польшаның Познаньқаласы түбінде қызмет еткен әрі сол жақта қалу мүмкіндігі болған, бірақ әйелі Александра мен қызы Раиса күтіп отырған Қазақстанға оралуға тура келген.
1956 ЖЫЛДАН КЕЙІН
Әлгі «құпия» қаулымен ақталғаннан кейін Горький селосындағы тіршілік оңала бастаған. Колхоз нығайып, мал басы, техника (трактор, комбайндар) көбейген. Леонтин Креницкий бала кезінен жұмыс істеген. 10 жасында өгізбен жер жыртқан. Кейін комбайншының көмекшісі болған. 1963 жылы оны әскерге шақырған. Әскерден кейін ауыл шаруашылығы институтына түсуге дайындалған. Әскердегі қызметін Ташкентте аяқтаған кезде досы үгіттеп, милиция мектебіне бірге түсуге көндірген.
Оны үздік бітіріп, ІІМ-нің жоғарғы мектебінде оқыған. Кейін милиция органдарында басшы қызметтер атқарған. Зейнет демалысына 32 жыл стажбен полковник шенінде шыққан. Баласы Алматыға көшкеннен кейін әйелі Валентина екеуі де оның артынан көшіп келген.
- Көшіп келгеніміз сол еді, Польшадан тұрақты тұрғылықты орын береміз деген шақырту қағаз келді. Ташкентте жүргенде өткізіп қойған құжаттарымды төрт жыл қарады. Ұлым үгіттегенімен, көшпейміз деп шештік. Ол жақта әйеліміз екеумізге де зейнетақы береді. Біздің ақшамен 800 злотый. Бірақ ол жаққа барып, тиын-тебенге күнелткім келмеді, - дейді Леонтин Креницкий.
Қызы Яна қазір отбасымен Польшада тұрады. Сол жақта университет бітірген. Леонтин Креницкий бала кезде тірі қалған жеті аға-іні, әпке-қарындастарының тағдырлары әрқалай қалыптасқанын айтады.
- Валентина колхозда жұмыс істеді. Стася мұғалім болып істеп, зейнет демалысына ауылдық балабақша директорлығынан кетті. Полина медициналық техникумды тәмамдады. Галина ауылдық почтада меңгеруші болған. Ағам кинотехникумды бітіргеннен кейін киномеханик болды. Маня индустриалдық техникумды бітіріп, зауытта жұмыс істеді, - дейді ол.
Креницкийлер отбасында өзара полякша сөйлеген. Сондықтан Леонтин Креницкий поляк тілін бала кезінен біледі. Ташкенттегі мәдени орталықта поляк тілінде оқытатын сынып ашылған кезде жұмысбастылықтан жиі бара алмаса да, тілін жетілдіру үшін соған қатысқан. Леонтин Креницкий Алматыда «Вензь» поляк мәдени орталығы жұмысына қатысады.
Леонтин Креницкийдің әке-шешесі Горький селосында сол күйі - көз жұмғанға дейін тұрып қалған. Екеуі түп-тамырынан мәңгілік үзілгендей Кіші Радогащьқа оралмаған.