Ақтөбедегі қарулы шабуылға орай айыпталған 29 адам бүгін сот алдында соңғы сөздерін айтты. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Қолына қару алып, шабуылға қатысты» деп айыпталғандардың жетеуі соңғы сөздерінде соттан өмір бойы бас бостандықтарынан айырмауды сұраған. Ал мемлекеттік айыптаушылар 22 және 25 жылдық жаза сұрап отырған Азамат Әбдірахманов пен Айдос Жұбанов жазаларын жеңілдетуді өтінді"деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
«Қылмысты хабарламады» деген айыппен қамалған 17 адам соңғы сөзінде бас бостандықтарынан айырмауды, тап осындай айып тағылған Рустам Гацаев соттан өзін ақтап шығуын сұраған. Соңғы сөзін айтқандардың барлығы дерлік істеген істеріне өкінетіндерін айтып, жазаларын жеңілдетуді өтінген.
Ақтөбедегі қарулы шабуылға байланысты сотталушылардың үкімі 28 қараша күні 15.00-де шығады.
Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.