Accessibility links

"Атамды атқандардың бәрін анықтадым"


Ресейлік блогер Денис Карагодин Томскіде тұр.
Ресейлік блогер Денис Карагодин Томскіде тұр.

1938 жылы арғы атасын өлтірген НКВД жендеттерінің аты-жөнін анықтаймын деген адамның әрекеті таң қаларлықтай табысты болды, тіпті ол бір қылмыскердің немересіне алғыс айтты.

Қарашаның 20-сы күні Денис Карагодин ерекше хат алды – 1938 жылы, қаңтардың 21-і күні Сібірдегі Томск қаласында Денистің бабасын жазалаған НКВД агентінің немере қызы хат жолдапты.

Карагодиннің айтуынша, хатта сталиндік жеке басқа табынудан арылу кезеңі - 1950 жылдардың ортасы мен Михаил Горбачевтің 1980 жылдардағы жариялық саясаты кезеңдері туралы айтылған. «Ресей бұл кезде қолда бар деректерді алудан қашты» дейді ол.

ТАҢ ҚАЛАРЛЫҚ ХАТТАР

«Бірнеше күн қатарынан ұйықтамадым» деп жазады хаттың иесі Юлия есімді әйел адам. «Көзім ілінбеді. Сайтыңыздағы материалдар мен құжаттардың бәрін оқып шықтым. Мен не істей аламын деп жүз қайтара ойландым. Болған оқиғаға айыпты емес екенімді санам түсінеді. Бірақ жан күйзелісімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын» деген хат иесі Карагодинге алғыс айтады.

«Күрделі шындықтың бетін ашу үшін жасаған еңбегіңізге көп рақмет. Сіз сияқты адамдардың арқасында қоғам ойланады деген ойдамын. Тағы да рақмет және кешіріңіз мені!» деп жазыпты Юлия.

1937 жылы желтоқсанның 1-і күні басталған оқиға осылай Юлияның хатымен аяқталды. 1917 жылғы төңкерістен соң үш мәрте қамалған Степан Карагодин сол күні отбасын соңғы рет көріпті.

Осы айдың басында Денис Карагодин пошта арқылы тағы бір жақсы жаңалығы бар хат алды. Карагодиннің Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) жолдаған сансыз сұрауларына жауап ретінде мұрағатшы арғы атасын жазалауға қатысты құжаттың түпнұсқасын салыпты.

Степан Карагодиннің атылғаны туралы НКВД құжаты
Степан Карагодиннің атылғаны туралы НКВД құжаты

Советтік бюрократияның құрғақ тілімен баяндалған құжатта «бұйрықтың орындалғаны» айтылады. Машинкаға басылып, мөрленген құжатта Степан Карагодинді атқан НКВД-ның үш агентінің аты-жөні жазылыпты. Карагодин мен басқа алты адамды 1938 жылы қаңтардың 21-і күні Николай Иванович Зырянов, Сергей Тимофеевич Денисов және Екатерина Михайловна Носкованың атқаны айтылған.

«Бұл - таң қаларлық жаңалық болды» дейді Денис Карагодин. «Менімен сөйлескен тарихшылар мен мамандар осындай нәтижеге жеткеніме сене алар емес» деді ол Азаттыққа берген сұхбатында. «Бұндай құжаттардың әлі бар екенін және оларды алуға болатынын естігендер қайран қалды. Қарапайым азаматтың осындай құжатқа қол жеткізгені Ресей тарихында бірінші рет болса керек».

Карагодин құжаттың неліктен «құпия» деп мөрленбегенін түсінбейді. «Құжаттардың құпия болғаны соншалық, оларды мөрлеу ойларына келмеген шығар. Мүмкін «құпия» деген мөр мұқабаның немесе папканың сыртына қойылған шығар» деді ол.

Шілде айында Карагодин Азаттыққа көп жылға созылған іздеуінің нәтижесі бар екенін, бабасына не болғанын және оны өлтірген адамдардың аты-жөнін іздеп жатқанын айтқан болатын. «Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі кедергі жасау үшін қолдан келгендерін істеп бақты» деді сол кезде 34 жастағы дизайнер.

«ЕНДІ ЖЕНДЕТТЕРДІ СОТҚА БЕРЕМІН»

Карагодин 2012 жылы сайт ашып, бұл іске бел шешіп кірісті. Әр құжатты мұқият жинап, іске қатысы бар-ау деген әр деректі тексерді. Сөйтіп жүріп казактан шыққан фермер, тоғыз баланың әкесі Степан Карагодинге "жапон тыңшысы" деген жалған айып тағылып, кінәсіз жазаланғанын анықтады. Қазір қолына тиген жаңа құжатқа қарап Денис тергеудің аяқталғанын айтады.

Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Степан Карагодиннің отбасы
Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Степан Карагодиннің отбасы

Ол Сталин мен құпия полицияның басшысы Николай Ежовтан бастап, Томскідегі жергілікті қауіпсіздік ұйымының өкілдері қостап, үкімге мөр қойған трибунал мүшелері мен оны орындаған үш жендетке дейінгі тізбектің бәрі жауапты екенін анықтады. Степан Карагодиннің денесі қала шетіндегі бауырластар моласына жерленген болса керек.

Бабасын өлтірген қалада тұратын Денис Карагодин тіпті құпия полицияның гаражына барған, кейін қара фургондарды қала шетіне алып кеткен жүргізушілердің кім екенін де біліп алған. «Тергеуіміз аяқталды» деді Карагодин Азаттыққа.

«Ең бастысы – отбасымның бірнеше буыны білгісі келген сұрақтың жауабын таптым: арғы атамды өлтіргендердің аты-жөні белгілі. Бұған оның ұрпағының әр буыны өз үлесін қосты. Мен іздеуімді 2012 жылы бастап, 2016 жылы қарашаның 12-сі күні аяқтадым» дейді ол.

Бірақ Карагодиннің оқиғасы бұнымен аяқталмақ емес. Ол бабасы мен құжатта аталған алты адамды өлтірген «ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшелерін» қылмыстық тергеуге бермек. Билік бұндай шағымды қарамайды дегендерге Карагодин: «Сіз шағымданып көрдіңіз бе?» сұрақ қояды.

«Заңды рәсімге арнап бірнеше сценарий дайындап отырмыз. Мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырыспау қылмыс болар еді. Осыншама құжат пен дәлелім бар. Бұрын ондайды кім қолға алыпты? Ешкім істеген жоқ. Барынша тырысамыз, тіпті ештеңе шықпаған күнде де талпыныстың өзі тарихқа енеді. Қалыптасқан дәстүр – қуатты күш!»

Денис Карагодин арғы атасының тұрған жерінде жүр.
Денис Карагодин арғы атасының тұрған жерінде жүр.

Карагодин енді қоғамда сілкініс болса, өз халқына қарсы әрекет еткен коммунистік мемлекеттің қылмысын толық әшкерелеп, айыптылардың бәрін жауапқа тартсақ дейді. Осы уақытқа дейін ондаған адамнан хат алған жігіт олардың алғыс айтқанын және өз туыстарының өлімін зерттегісі келіп, кеңес сұрағанын айтады.

«Оларға кеңес беремін, бірақ бұл - өте қиын» дейді Карагодин. «Өте ауыр. Әр оқиға сондай сұмдық, оған терең үңіліп, зерттеу керек, ресейлік бюрократия да кедергі жасап бағады». Атасын өлтірген үш жендеттің бірінің немере қызы – Юлиядан келген хат Денис үшін өте маңызды.

«АТАМ КІСІ ӨЛТІРУШІ БОЛҒАН»

«Тұтас шындықты білмесек, біздің қоғамда ештеңе өзгермейді» деп жазады Юлия. «Сталиншілдер қайтадан бой көрсетті, Сталиннің ескерткіштері де орнына келді, сондықтан қазір тіпті қиын. Оны қолдаушылар бар деген ойдың өзі жан түршіктіреді».

Карагодин Юлияға хат жазып, «өте шынайы және терең пікірі үшін» алғыс айтты. «Қиналмаңыз» дейді ол өз хатында. «Ең бастысы – арыңыз таза. Мен де, туыстарым мен достарым да сізді ешқашан айыптамайды. Өте сұлу жансыз – оны білуіңіз керек. Шын жүректен алғыс айтамын. Қатты қуаныштымын, енді өмірімде сіз сияқты көркем жанның бар екенін біліп жүремін».

Шын жүректен алғыс айтамын. Қатты қуаныштымын, енді өмірімде сіз сияқты көркем жанның бар екенін біліп жүремін.

Юлияның хатын сирек қолжазбаға жатқызуға болады, Сталиннің тұсында қылмыс жасаған ата-бабасы үшін кешірім сұрайтындар аз. Қазан айында блогшы Владимир Яковлев атасы туралы ашық мәлімдеме жасап, оның «адам өлтірген қанышер, жендет» болғанын айтты.

Тіпті ол өзінің туыстарын да аямапты. «Мәскеудің Новокузнецк көшесіндегі ескі, үлкен пәтерде бақытты балалық шағым өтті» деп жазады Яковлев. «Кейін ол пәтерді атамның сатып алмағанын, өзі салмағанын, көпестердің отбасынан тәркілеп алғанын білдім. Әжемнің алдына отырып ертегі тыңдаған диван, буфет пен кресло, пәтердегі барлық мүлікті атам мен әжем сатып алмаған. Олар ату жазасына кесілген мәскеуліктердің мүлігі сақталған қоймадан керек заттарып алып келген».

Яковлев қазірге дейін жанына тыным бермейтін сталиндік дәуірдің азабы туралы толқып жазады. «Ресейдің өткен қайғысын еске алғанда өлгендерді айтамыз. Бірақ трагедияның ауқымы мен болашақ ұрпақтың психикасына салар жарасын ескерсек, өлгендер емес, тірілер туралы сөйлесуіміз керек. Өлгендер өлді. Ал аман қалғандар біздің ата-анамыз бен олардың әке-шешесіне айналды» дейді ол.

«Орынсыз үрей, шектен тыс тұйықтық, ешкімге сенбеу және адамдармен жақын қарым-қатынас орната алмау сияқты сезімдердің бойымда қайдан пайда болғанын енді білемін. Бала кезден бері өзімді айыпты сезінемін де жүремін» дейді блогшы.

Дмитрий Волчек пен Роберт Коалсонның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG