Accessibility links

Ақтөбе ІІД-нен өтемақы талап еткен полицейлер жесірлерінің шағымын сот қанағаттандырмады


Қызмет бабымен жүріп қаза тапқан полицейлерге қойылған ескерткіштің ашылу рәсімінде көзіне жас алып тұрған әйел. Шұбарши ауылы, Темірауданы, Ақтөбе облысы, 22 маусым 2012 жыл.
Қызмет бабымен жүріп қаза тапқан полицейлерге қойылған ескерткіштің ашылу рәсімінде көзіне жас алып тұрған әйел. Шұбарши ауылы, Темірауданы, Ақтөбе облысы, 22 маусым 2012 жыл.

Ақтөбе соты қызмет бабымен жүріп қаза болған полиция қызметкерлері жесірлерінің жергілікті ішкі істер департаментінен өтемақы талап еткен шағымын қанағаттандырмады. Талап арыз жазушылардың бірі Айгүл Жолдыбаева Азаттыққа бейсенбіде шыққан сот шешімі туралы адвокаттардан естігендерін хабарлады. Бұл әйелдердің жұбайлары Нұрлан Алпысбай, Айдос Боранбаев, Темірбек Жақсылықбаев, Руслан Жолдыбаев, Рүстем Кенжалин және Қымбатқазы Оразалин 2011 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданында жергілікті діни радикалдармен қарулы қақтығыстарда және өзге де оқиғалар кезінде қаза тапқан.

- Біз балаларымыз кәмелет жасына толғанша әкелерінің жалақысы көлемінде ақша төленуін талап еткенбіз. Күйеуім Шұбарши [ауылына] қызмет бабымен барғанда мерт болғандықтан сот шешіміне разы емеспін. Үкімет, тіпті [Қазақстан] президентіне дейін шағымданамын, - дейді талап арыз жазушылардың бірі Айгүл Жолдыбаева Азаттыққа.

Бұған дейін Ақтөбе қалалық 2-сотында полицияның мүддесін қорғаған ІІД өкілі Қарлығаш Құрманғазина қаза болған алты полиция қызметкерінің отбасыларына соңғы бес жылда жалпы сомасы 47 миллион теңгеден астам қаржы төленгенін айтқан еді.

XS
SM
MD
LG