Бүгін Астана қаласы Алматы аудандық сотында Шығыс Қазақстан облысында соя егетін "Бәтуа" компаниясының бас директоры Асқар Ізімғалиев пен компания құрылтайшысы Нұрлан Биядиловтың "ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау, моральдық зиян өтемін өтеу туралы" талап-арызы бойынша алдын ала тыңдау өтті. Сот отырысына арызданып отырған азаматтардың сенімді өкілі адвокат Тұрсынтай Амралинов, жауапкер тараптан белсенді Айдын Егеубаев пен "Ұлы дала қырандары" қозғалысының жетекшісі Түгел Сәдібеков, сонымен бірге, он бес шақты қозғалыс белсенділері қатысты.
Кәсіпкерлер Айдын Егеубаев 2016 жылы әлеуметтік желілерде және бірқатар БАҚ-қа сұқбат беріп, өздеріне "Қытаймен бірлесіп заңсыз жер алды", "мемлекеттен ірі көлемде инвестиция өндірді" деп жалған айып тақты дейді. Сонымен бірге, "Ұлы дала қырандары" жетекшісінің және Егеубаевтың арызы салдарынан бірқатар қадағалаушы органдар компания қызметіне бірнеше тексеріс жүргізіп, жұмысқа кедергі келтіргені айтылған. Олар белсенділерден таратқан мәліметін жоққа шығаруды және моральдық шығын ретінде екі белсендіден 10 миллион теңге өндіріп беруді талап етіп отыр.
Бүгін болған сот отырысында Түгел Сәдібеков Егеубаевтың жазбаларына қатысы жоқ екенін, Егеубаевтың қозғалыс мүшелігінен шыққанын мәлімдеді. Келесі отырысқа Сәдібековтың іске қатыстылығын дәлелдейтін құжаттар әкелінуі тиіс.
Мұның алдында сот Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың Айдын Егеубаевтың үстінен жазған осыған ұқсас арызын қанағаттандырып, белсендіні 100 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеген.