Accessibility links

Қырғызстан соты Әзімжан Асқаровтың үкімін өзгертпеді


Әзімжан Асқаров сотта отыр. Бішкек, 4 қазан 2016 жыл.
Әзімжан Асқаров сотта отыр. Бішкек, 4 қазан 2016 жыл.

Қырғызстанның Шу облыстық соты құқық қорғаушы Әзімжан Асқаровты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы сот үкімін күшінде қалдырды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Облыстық сот Базар-Коргон аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы сот шешімін бүгін шығарды.

Сот Асқаровтың айыбы куәгерлер мен жәбірленушілердің берген жауаптары арқылы дәлелденгенін айтты.

Соттың 10 қаңтарда өткен жарыссөз кезеңінде Асқаров өзіне тағылған айыптың заңсыз екенін және кінәсі жоғын мәлімдеген. Асқаровтың қорғаушысы соттан оның ісінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан және БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетінің үндеуі бойынша құқық қорғаушыны ақтауды сұраған. Мемлекеттік айыптаушы соттан алдыңғы сот инстанциясының шешімін өзгертпеуді сұраған.

Этникалық өзбек Әзімжан Асқаров Қырғызстанның оңтүстігінде 2010 жылы жазда қырғыздар мен этникалық өзбектер арасында болған қақтығыстарға қатысты деп айыпталған. Қақтығыстардан 450-ден астам қаза тауып, мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Асқаров Жалалабад облысының Базар-Коргон ауданында тұрып, құқық қорғау ісімен айналысқан.

2016 жылдың сәуірінде БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қырғызстан билігін Асқаровтың ісін қайта қарауға шақырған. Комитет Асқаровтың ұсталуы, азапталуы, ауыр жағдайда ұстауды заңсыз деп тапқан.

XS
SM
MD
LG