Accessibility links

Назарбаев: Жыл соңына дейін латын қарпіндегі жаңа қазақ әліпбиін жасау керек


Inform.kz сайтының латын қарпіндегі нұсқасы. Скриншот (Көрнекі сурет).
Inform.kz сайтының латын қарпіндегі нұсқасы. Скриншот (Көрнекі сурет).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы - латын әліпбиін қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Назарбаевтың "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған жолдауға ұқсас мақаласында айтылады. Назарбаевтың тапсырысы бойынша, жаңа әліпби ғалымдардың көмегімен, қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып қабылдануы керек.

Президент осыған байланысты 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісу керек деген. Ол 2012 жылы желтоқсанда жариялаған "Қазақстан-2050" стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу қажет дегенін айтады. "Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қар­піне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек" деген Қазақстан президенті.

Назарбаев мемлекет бұл мақсатты іске асыруға қа­жетті дайындық жұмыстарына қазірден кірі­сетінін, үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру­дің нақты кестесін жасауы керегін айтты.

Қазақстан бұған дейін де бір мәрте, 11 жыл бойы (1929 – 1940) латын әліпбиін қолданып, кейін кириллицаға ауысқан.

XS
SM
MD
LG