Астана соты "Иегова куігерлері" діни бірлестігінің өкілі Теймур Ахмедовті "діни алауыздық тудырды" деп айыптап, бес жылға соттады. Бұған дейін прокурор Ахмедовті алты жылға соттауды сұраған.
Прокуратура сотталушы ислам мен православие жайлы жағымсыз сөздер айтып «бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы ауыр қылмыс» жасаған дейді. Прокуратураның болжамы бойынша, Теймур Ахмедов ондай сөзді "көпшілік алдында", яғни өздерін студентпіз деп атайтындардың пәтерінде, Асаф Гулиевтің пәтерінде және өз үйінде бірнеше адамның көзінше айтқан. Адвокаттың сөзінше, Ахмедовтің ісінде пайда болған "көпшілік алдында" ұғымының түсіндірмесі Қазақстан заңында нақты көрсетіліп жазылмаған.
Бұған дейін сот отырысында сотталушының әйелі Мафиза Ахмедова әлгі кездесулер өздерін студентпіз деп атаған адамдардың бастамасы бойынша өткені, олар арандататын сұрақтар қойып, барлық әңгімені жазып отырғаны туралы айтқан. Қылмыстық істе дін жайлы әңгіме жазылған 19 диск бар, сот ондағы аудиожазбаларды тек ішінара тыңдаған. Сотталушы өз әңгімесі таспаға жазылып жатқанынан бейхабар болғанын айтқан.
Ахмедовтің адвокатының айтуынша, арнайы қызмет Ахмедовка қарсы әрекетінде "студенттерді пайдалану" сценариін қолданған. Адвокаттың пікірінше, мұндай сценарий 2015 жылы "Жетінші күн адвентистерінің" шіркеуінің мүшесі, "діни алауыздық тудырды" деген айыппен екі жылға сотталған Ықылас Қабдуақасовқа қатысты да қолданылған. Тергеу материалдары бойынша, Ықылас Қабдуақасов Астанадағы студенттердің жалдап тұрып жатқан пәтерінде өткізген дәрісінде "алауыздық тудыратын" сөздер айтқан. Қабдуақасов өзіне тағылған айыпты терістеген.