Accessibility links

БТА ісі: Прокурор Әблязовті 20 жылға соттауды сұрады


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл

Бүгін Алматыда БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша өтіп жатқан соттың жарыссөзінде айыптаушы прокурор Еркін Баймағамбетов сотталушыларға сұрайтын жазасын оқыды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Прокурор осы іс бойынша айыпталушы - қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті "қылмыс жасауға оқталу", "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға соттауды және мүлкін тәркілеуді сұрады.

Аблязов ісіндегі мемлекеттік айыптаушы прокурорлар Еркін Баймағамбетов (сол жақта) және Тимур Шамай. Алматы, 17 наурыз 2017 жыл.
Аблязов ісіндегі мемлекеттік айыптаушы прокурорлар Еркін Баймағамбетов (сол жақта) және Тимур Шамай. Алматы, 17 наурыз 2017 жыл.

Прокурор Әблязовке тағылғандай айыптармен сотталып жатқан банктің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықовты 18 жылға соттауды сұрады. Садықов бұған дейінгі сотта өзіне тағылған айыптарды ішінара мойындайтынын айтқан

Прокурор басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовті тура Әблязовке тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, әуелі бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, бірақ "жазасын жеңілдететін жағдайларға" байланысты 3 жыл шартты жаза кесуді сұрады.

Айыптаушы прокурор сонымен қатар банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмешті "банк қаражатын заңсыз пайдалану", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлiктi заңдастыру жылыстату" және "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену" айыптары бойынша кінәлі деп тауып, әуелі бес жылға соттауды, бірақ оған да "жазасын жеңілдететін жағдайларға" байланысты 3 жыл шартты жаза кесуді сұрады.

Жарымбетов бұған дейінгі сотта өзіне тағылған айыптарды мойындайтынын, бірақ өзін банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы "Мұхтар Әблязовтің қылмыстық ісінің құрбаны болғанын" айтқан. Жарымбетов өзінің "банкир емес, бизнесмен" екенін айтып, банкте болып жатқан операциялардың бүге-шігесін түсінбегенін, кей операциялардың заңсыз екенін білсе де, оның масштабын Қазақстанға келіп қылмыстық іспен танысқан соң түсінгенін айтқан болатын.

Сәдуақас Мәмеш 23 мамырдағы сот отырысында өзіне тағылған айыптарды "толық мойындайтынын" және "ісіне өкінетінін" мәлімдеген.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп таниды.

XS
SM
MD
LG