Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда "саяси қуғын-сүргін жоқ" деп мәлімдеді. Бұл туралы ол 31 мамыр - ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні айтты. Назарбаев Ақмола облысының Ақмол ауылында саяси репрессия құрбандарының ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысты. "Назарбаев сол уақыттарда репрессияға ұшырағандарға арналған лагерлер құрылып, ондағы қатаң жағдайларды еске алды" деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
- Бүгін тіпті мұны елестетіп көрудің өзі қиын, себебі біз мүлдем басқа мемлекет құрдық. Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен еркіндіктері қорғалған, саяси қуғынға ұшырағандар, бұл тұрғыдағы тұтқындар жоқ, - деді Назарбаев журналистер алдында.
Тарихшылардың мәліметінше, Қазақстанда сталиндік репрессия жылдарында кем дегенде 22 мың адам атылды. Кейбір есеп бойынша, Қазақстандағы лагерлерге бес миллионға тарта совет азаматтары жер аударылды. Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, Ақмолдағы гүл қою шарасына репрессия құрбандарының туыстары да қатысты.
- Солтүстік Африкада мемлекет жойылып, халықтың 10-20 жылға артта қалғанын, кедейлік, терроризм, кісі өлтіру мен қарақшылық жайлағанын білеміз. Біз эволюциялық жолмен дамуымыз керек, сонда ғана алға жылжимыз, - деді Назарбаев.
Бүгін Алматы қаласында СССР кезінде 1931-1933 жылдары қазақ жерінде болған ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылды.
Құқық қорғаушылар Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевты өзгеше ойлайтындарды, негізгі еркіндіктерді басып-жаныштайды деп айыптап, елде саяси тұтқындар барын айтады. Билік елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.