Азаматтық қоғам және дін істері жөніндегі министр Нұрлан Ермекбаев мешітте намаз кезінде "әмин" деп дауыстап айтуға тыйым салуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қолдады. Ол "әминді" дауыстап айтуға тыйым салуды "мүфтияттың ішкі мәселесі" деп атады. Бұл туралы ол Астанада халыққа берген есебінде азаматтар сұрағына жауабында айтты.
- Бұл ішкі тәртіп мәселесі. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қоғамдық, коммерциялық емес ұйым. Мұндай ұйымдардың ішкі тәртіп ережелерін өзі бекітуге құқығы бар. Мүфтият өзі мешіттердегі тәртіп туралы ережесін бекітті. Оны сақтау - мешітке келген әр адамның міндеті. Егер кейбір мешітке келушілер оны бұзатын болса, мысалы музыка даусын қатты қойса, немесе имамға қарсы сөз айтса, тәртіпті бұзса имам оларға түсіндіріп айтуға, тыңдамаса құқықтық шараларды қолдануға хақы бар, - деді Ермекбаев.
Ол сонымен қатар "кейбір мешіттерге барушылар, әсіресе "теріс діни ағымдардың жақтаушылары ішкі тәртіпті бұзып, өзін басқаларға қарсы қоятынын" айтты. Ермекбаев заңда қоғамдық ұйымдардың ішкі тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту қаралғанын, ал өзі басқаратын министрлік мұндай дау кезінде кез-келген ресми тіркелген діни бірлестіктің жұмысын қолдайтынын жеткізді.
Бұған дейін Азаттық Батыс Қазақстан облыстық мешітінде намаз кезінде "әмин" деп дауыстап айтқанын мойындаған адамға алғаш рет айыппұл салынғаны туралы жазған болатын. Мешіт қызметшілері "ол адам діни мекеменің ішкі тәртібін бұзды" деп түсіндіреді. Жергілікті полиция айыппұл салынған жігітті "деструктивті діни ағымды ұстанады" деп сипаттайды.