Қазақстанда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған концепциясы бекітілді деп хабарлады ел президентінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министр Нұрлан Ермекбаев үкіметте ол концепцияның жобасымен таныстырған. Ермекбаевтың айтуынша, "құжатта мемлекеттің дін саласындағы басым бағыттары айқындалған". Құжатта зайырлы мемлекеттің діни бірлестіктердің канондық мәселелері мен ішкі істеріне килікпейтіні, бірақ мемлекет діни ұйымдардың қоғамдық қызметін қадағалап, олардан заң мен мемлекет мүддесіне қайшы әрекет жасамауды талап ететіні айтылған.
Сонымен қатар діни ұйымдардың үгіт-насихат және қаржы-шаруашылық қызметтерінің ашық болуын қамтамасыз ету талап етіледі.
Концепцияда бұған қоса "діни ұрандарды жамылған кейбір ағымдардың деструктивті қызметін" тоқтату мен экстремистік идеологияларға қарсы іс-қимылдың жалпы мемлекеттік жүйесін түзу туралы да жазылған.
Қазақстан президенті үкіметке үш ай ішінде концепцияны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын дайындап, бекітуді тапсырды.