Шілденің 28-і күні Өзбекстанның бас прокуратурасына қарасты ұйымдасқан қылмыс және коррупцияға қарсы күрес басқармасы елдің бірінші президентінің қызы Гүлнара Каримова жайлы хабар таратты. Бұл мекеме таратқан хабарламаға қарағанда, 2015 жылғы тамызда Ташкент облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот Өзбекстанның экс-президентінің қызын ақша жымқыру және бопсалау баптары бойынша айыпты деп танып, оған бес жылға бас бостандығын шектеу үкімін кескен.
Бас прокуратура дерегінше, 2013 жылы қазанда Гүлнара Каримованың үстінен салық төлеуден жалтару, қылмыстық топқа қатысу, «бопсалау арқылы ақша, акциялар, үлестер мен мүліктік нысандарды иемденіп алу», салық салынуы тиіс базаны жасыру, құжаттарды жою және жасыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Өзбекстан бас прокуратурасы «Г.Каримованың бұл қылмыстарды жасағанын ұйымдасқан қылмыстық топтың Н.Содиков, Р.Мадумаров, Ш.Сабиров және өзге мүшелерінің, куәгерлердің, жәбірленушілердің түсініктері, ұйымдасқан қылмыстық топ бақылауында болған 45 шаруашылық субъектісі мен 16 офшорлық компания жұмысын тексеру материалдары, тәркіленген жазбаша және заттай айғақтар, сараптама ұйғарымдары мен іске қатысты жиналған өзге айғақтар растайды» деп хабарлайды.
Бұдан бөлек, бас прокуратура дерегінше, Гүлнара Каримованың үстінен қозғалған тағы бір қылмыстық іс бойынша қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл іс аясында оған құны 595 миллион АҚШ долларын құрайтын бөтеннің мүлкін иемдену, қызмет ақысын төлеу кезінде ұялы байланыс операторлары абоненттерінен 96,5 миллион АҚШ доллары көлемінде негізсіз қосымша сыйақы алу, офшорлық компания есеп-шоттарына «откат» аудару арқылы 1,943 миллиард АҚШ доллары мен 29,1 миллион еуро көлемінде шетел валютасын жасыру, 520 миллион АҚШ долларын құрайтын сомаға радиожиіліктер мен жер телімдерін заңсыз сату, қылмыстық жолмен тапқан кірістерін 439,6 миллион АҚШ долларын құрайтын дивиденд төлеу және үлестерді сату түрінде шетелге шығару, 98 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақшаны елден заңсыз шығару фактілері бойынша айып тағылған.
«Осы фактілер бойынша Г.Каримоваға Өзбекстан Республикасы қылмыстық кодексінің 168, 178, 182, 189, 228 және 243 баптары бойынша айып тағылып, оны қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы тағайындалған» деп хабарлайды Өзбекстанның бас прокуратурасы.
Елдің бұрынғы президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова ертеректе Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген, Швейцарияның халықаралық ұйымдарында бірнеше жыл ресми Ташкенттің өкілі болған, Испаниядағы Өзбекстан елшісі, Мәскеудегі Өзбекстан елшілігінің кеңесші-уәкілі, Өзбекстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарған. Бұған қоса Каримованың есімі киім-кешек дизайнері және әнші ретінде белгілі, Guli брендімен киімдер, ерлер мен әйелдерге арналған иіс сулар топтамасын және ағылшын тілінде музыкалық альбом шығарған.
Бірақ 2013 жылы Еуропа елдерінде шетелдік телекоммуникация компанияларымен миллиондаған доллардың күмәнді мәмілелерін жасады деген күдікпен Гүлнара Каримоваға қатысты тергеу амалдары басталған.
2013 жылдың соңына қарай Гүлнара Каримованың бизнес-империясы толық күйреді. Оның қайырымдылық қорлары, телеарналары мен дүкендері бірінен соң бірі жабылды.
Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов 2016 жылы қыркүйекте 79 жасқа қараған шағында инсульттен көз жұмған. Гүлнара Каримова әкесінің жерлеу рәсіміне қатысқан жоқ. Ол Ташкентте үйқамағында отыр екен деген хабар тараған.
Биыл қаңтарда Гүлнар Каримованың қайда екені туралы ресми хабар тарады. Америкалық Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, 2016 жылы желтоқсанның 9-10-ы күндері Ташкентте швейцариялық прокурорлар Швейцария билігі тағайындаған қорғаушымен бірге Гүлнара Каримовамен кездескен. Басылым дерегінше, тергеу 23 сағатқа созылған.
Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы.