Алматы қаласында тұратын Сапила Тақашқызы 2002 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. 2004 жылы Қазақстан азаматтығын алған Сапиланың үлкен ұлы Жеңісхан Бағдал әлі Қытай азаматы екен. Жетпіске келіп қалған қарияның айтуынша, тұңғыштары Жеңісхан 2017 жылдың ақпан айында Қазақстанда тұрақты тұру үшін "ықтияр хат" алған. Алайда келіншегі мен баласы Қытайда тұратындықтан соларға барып келу үшін Үрімжіге сапар шеккен.
- Қазір ол (Жеңісхан Бағдал – ред.) Үрімжі қаласына таяу орналасқан Шисан деген жерде қамауда отыр. Мамыр айының 2-сі күні қамауға алынған, - дейді Сапила Тақашқызы.
Анасының айтуынша, Жеңісхан 1972 жылы дүниеге келген, ал жеке бас құжатында "1968 жыл болып қате түсіп кеткен".
- Естуімізше құжаттарынан қате шыққан дейді. Келінге [телефонмен] хабарлассақ, "Партия анық, партия адал, біздің партия кемелденген партия" деп сөйлейді, нақты ақпарат беруден қорқады. Балам телевизордан дыбыс беретін (дубляж жасаушы - ред). Жергілікті телеарналардың біріндегі ұйғыр сериалына дыбыс беріп жүрген жерінен алып кетіпті, - дейді Сапила апа.
Бірнеше ай бойы ұлының қамауда не халде отырғанын біле алмаған анасы Қытайдағы келінінің адвокат жалдағанын, бірақ оның да Жеңісханмен жүздесе алмағанын айтады. Сапила Тақашқызы Қазақстан билігінен бір қайыр бола ма деген үмітте. Оның Жеңісханнан кейінгі екі ұлы мен бір қызы Қазақстан азаматтығын алған.
Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтияр хат алған, бірақ Қытайдағы туыстарына қыдырып барып қамауға алынған жандардың тағы бірі - Жарқынбек Қасымбайұлы.
Жарқынбектің Алматы қаласында тұратын баласы Айтуғанның айтуынша, әкесін 2017 жылғы маусымның 18-інде Шыңжаң өлкесіне қарасты Бұратола қаласының қоғамдық қауіпсіздік мекемесі тұтқындаған.
- Шілденің 28-і күні әкемді жазықсыз 10 жылға соттап жіберді. Әкемнің бар кінәсі – ағам Жұмадан екеуміздің Қазақстан азаматтығын қабылдағанымыз. Өйткені, осы күнге дейін әкеміздің басқа кінәсі туралы айтпады, - дейді Айтуған.
Айтуған мен Жұмадан – Қазақстан азаматтары. Айтуғанның айтуынша, анасы мен әкесі соңғы уақытта Қазақстанда тұрып жатқан. Қытайда тек үлкен әпкелері қалған. Әкесі қызына барып қайту үшін кеткен.
"Қазақстанда білім алып, қазақ-қытай шекарасында тұтқындалды" деп хабарланған азаматтардың бірі – Аққу Еренбек. Қазақстандық ақпарат құралдарының жазуынша, Шығыс Қазақстан облыстық Сәрсен Аманжолов атындағы университетте оқитын Аққу жазғы демалысында әке-шешесіне кетіп бара жатқан. Студенттің телефонынан Құран мәтіндері табылған соң оны Қытай шекарашылары тұтқындаған. Алайда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Әнуар Жайнақов өздеріне мұндай ақпараттың әлі түспегенін айтады.
- Аққу Еренбек біріншіден, Қытай азаматы, екіншіден, студент қыздың ұсталғанына қатысты бізге оның туысқандарынан немесе басқа да бір азаматтардан шағым келіп түскен жоқ, - дейді Жайнақов.
Әнуар Жайнақовтың айтуынша, кейбір қытайлық этникалық қазақтар Қазақстанда ықтияр хат алғанымен Қытай азаматы болып қала береді. Ал сыртқы істер министрлігі тек Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайды.
Азаттық тілшісі қамауда отырған этникалық қазақтарға қатысты Қытайдың Қазақстандағы консулдығына хабарласқан еді. Өзін Мөлдір деп ғана таныстырған бойжеткеннің телефон арқылы айтуынша, "бұған дейін де осы мәселеге қатысты консулдықта жиын болған".
- Көбі жиналып, телеканалды шақырып сұхбат берген. Сол кезде біздікілер (Қытай консулдығының қызметкерлері – ред.) Астанадағы Қытай елшілігіне немесе Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласу керектігін айтқан. Бұл мәселені өздерінің шеше алмайтынын айтқан, - дейді Қытайдың Алматыдағы консулдық қызметкері.
Азаттық соңғы уақытта Қытай қазақтарының саяси және діни бостандықтарының тарылып, қысым көріп жатқандары жайлы жиі арыздана бастағанын бұған дейін де бірнеше мәрте жазған болатын. Пекин ұйғырлар көбірек тұратын аудандарда өзі күмәнді деп танитын саяси және діни көзқарас ұстанушы адамдарды оқшаулап, сотқа тартып келген. Кейбір халықаралық бақылаушылар енді бұл тәсілдің Шыңжаңдағы қазақтар тұратын аудандарда да қолданыла бастағанын айтады.
Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларына, Алтай, Тарбағатай аймақтарына, бұлардан басқа тағы бірнеше қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, бұл елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.