Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Египетте ұсталған қазақстандық студенттерге қатысты комментарий беріп, қазақстандықтарды шетелге оқуға ресми жолдамасыз бармауға шақырды. Астанада бейсенбіде журналистермен кездескен Ермекбаев шетелге "күмәнді" оқу орындарында діни білім алуға кеткендермен билік жұмыс істейтінін де айтты.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жолдамасынсыз діни білім алып, ҚМДБ құрылымына жұмысқа орналасуға болмайды" деді министр.
Египетте бірге пәтер жалдап тұрып жатқан алты қазақстандық 20 шілдеден бері байланысқа шықпаған. 25 шілдеде министрлік оларды полиция ұстағанын хабарлаған.
Ал 2 тамызда Египетте қамауда отырған қазақстандық алты студенттің Қазақстанға депортацияланатыны хабарланған. Билік олардың не себепті ұсталғанын айтпай отыр. Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов билік ұсталған қазақстандықтарды экстремистер деп санамайтынын айтқан.
Ресми мәлімет бойынша, қазір шетелдерде бірнеше жүз қазақстандық діни білім алып жатыр. Биліктің дерегінше, соңғы бірнеше жылда Қазақстанның жүздеген азаматы Сирия мен Ирактағы экстремистік топтар қатарына қосылған.