Accessibility links

Рамазан Есіргеповтің Парижге кетіп қалғаны белгілі болды


Құқық қорғаушы, журналист Рамазан Есіргепов Алматы қалалық сотының алдында тұр. 31 шілде 2017 жыл.
Құқық қорғаушы, журналист Рамазан Есіргепов Алматы қалалық сотының алдында тұр. 31 шілде 2017 жыл.

Құқық қорғаушы әрі журналист Рамазан Есіргепов Парижде жүр. Бұл туралы Есіргепов Азаттыққа телефонмен әңгімесінде хабарлады. Журналистің сөзінше, ол Қазақстаннан жеке бас қауіпсіздігіне алаңдап кетуге мәжбүр болған. Оған 14 мамырда әлдекімдер пышақ салып, жараланған, ал соңғы уақытта оған қатысты жағдайларп шиеленісе бастаған. Есіргепов сонымен қатар соңғы күндері құқық қорғау органдарының әрекетінен билік өзіне қарсы қылмыстық іс қозғағысы келеді деп ой түйгенін, сол себепті бас еркіндігіне алаңдағанын да айтты.

Есіргеповтің сөзінше, ол Парижге 3 тамызда барған. Құқық қорғаушының жоғалып кеткенін серіктері екі күн бұрын, 2 тамыз күні таңертең ол Алматының Медеу ауданындағы үйінде жоқ болып шыққанда хабарлаған. Есіргепов ол үйде соңғы уақыттары жалғыз тұрған, ал отбасы Астанада. Сол күні оның қайда екенін шабуыл жасалған соң мемлекет тағайындаған күзетші, Алматы қалалық транспорт басқармасының қызметкері, полковник Георгий Когай да, я туыстары, я полиция да айта алмаған.

Рамазан Есіргеповті полиция соңғы рет 1 тамызда Алматы қалалық сотының жанында ұстаған. Мұнда оның бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларына қарсы азаматтық шағымы қарастырылуы тиіс болған. Сол күні полицияда Есіргеповке ол 29 шілдеде Алматыда түрмедегі саяси тұтқындар мен қамаудағы журналист Жанболат Мамайды қолдап марш ұйымдастырғанда "әкімшілік құқық бұзғаны" туралы хатта толтырмақ болған. Бірақ Есіргеповтің өзін нашар сезінуіне байланысты оған жедел дәрігерлік ем-дом жасалып, үйіне жіберілген. Ал оның ісі әкімшілік сотқа жеткізілмеген. 2 тамыз күні таңертең оның үйнде жоқ екені белгілі болып, туыстары мен таныстары оның қайда екенін біле алмаған.

"Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы болған Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталған еді. Есіргепов өзіне тағылған айыпты мойындамай, кәсіби қызметімен ғана айналысқанын, өзін "саяси мақсатпен ғана" соттап жатқанын айтқан. Есіргеповтің Қазақстанның жоғары сот инстанцияларына жазған шағымдары қанағаттандырылмаған. Бұдан соң Есіргепов БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданып, комитет оған қатысты оң шешім шығарған.

Есіргепов 12 мамырда Медеу аудандық сотына президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, бас прокурор Жақып Асанов, сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың үстінен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 2016 жылдың наурызында өзінің пайдасына шығарған шешімін орындату бойынша азаматтық шағым түсірген. Медеу аудандық соты ол шағымды қайтарып тастаған соң Есіргепов Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG