Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың кіші қызы Лола Каримова-Тилляева 28 тамызда Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметінен кететінін мәлімдеді.
Reuters агенттігіне сілтеме жасаған Азаттықтың Өзбек редакциясының хабарлауынша, 38 жастағы Каримова-Тилляева, уақытының басым бөлігін әкесінің атындағы қайырымдылық қорының жұмысына көмектесуге бөлетінін айтты.
- Таяуда уақытымның көбін отбасыма, жеке мақсаттарыма, Ислам Каримов атындағы қорға және басқа да шығармашылық, қайырымдылық, мәдени жобаларға бөлуді жоспарлап отырмын. Осыған байланысты елші қызметімнен бас тартып отырмын, - деді Лола Каримова-Тилляева Самарқандағы Өзбекстанның ислам мәдениеті және ғылыми мұраларына арналған конференцияда.
Қазір батыс елдерінде тұрып жатқан Каримовтің кіші қызы енді Өзбекстанға оралу ниеті бар-жоғын анықтап айтпады.
Ислам Каримовтың артында екі қызы - Гүлнара және Лола қалды. Өткен айда Өзбекстан бас прокуратурасы 45 жастағы Гүлнара Каримованың "ауыр экономикалық қылмыстар жасады" деген айыппен қамауда отырғанын хабарлаған.
Лола Каримова-Тилляева 2013 жылы BBC-ге берген сұхбатында әпкесімен байланысын үзгеніне 14 жыл болғанын мәлімдеген.
Ресми Ташкент Ислам Каримовтың қайтыс болғанын 2016 жылы 2 қыркүйекте хабарлаған. Каримов дүние салған соң президент міндетін сол кезде премьер-министр болған Шавкат Мирзияев атқарған. Ол 2016 жылы желтоқсанда өткен сайлауда президент болып сайланған.